Education

Еліміздің барлық білім беру ұйымдарында білім аудиті жүргізіледі

Оқу-ағарту министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі орта білім беру саласын қаржыландыру бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бірлескен талдау жүргізеді. Білім беру саласындағы мәселелер бойынша өткен бірлескен жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали осындай келісімге келді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Бірлескен талдау жасау туралы шешімнің қабылдануына білім саласындағы түрлі сыбайлас жемқорлық істердің белең алуы себеп болып отыр. Тек соңғы үш жыл ішінде 300-ден аса жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген және қылмысқа қатысы бар 200-ге жуық адам анықталған. Құқықбұзушылықтың басым бөлігі Шымкент қаласына және Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда облыстарына тиесілі. Жуырда ғана орын алған Қызылорда, Ақтөбе облыстарында және Талдықорған қаласындағы білім саласы қызметкерлеріне қатысты атышулы істер де бұл салада сыбайластықтың бар екенін дәлелдей түседі. Алдын ала жасалған талдау барысында бұрын республикалық бюджеттен білім беру саласына берілген қаражат жергілікті бюджеттің өзге салаларына аударылғаны анықталды. Бұл ата-аналар мен мұғалімдерден алым жинау секілді сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне, сондай-ақ еңбекақы төлеу қоры бойынша берешектің туындауына ықпал етеді.

Кеңес қорытындысы бойынша екі ведомство басшылары білім беру саласындағы биыл жүзеге асатын кешенді шараларды белгіледі. Нақтылайтын болсақ, білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу және қаржылық тәртіпті күшейту жұмыстары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button