PoliticsБасты

Абай облысы 2027 жылға дейін қалай дамиды: Үкіметте Кешенді жоспар қаралды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Абай облысының 2027 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын іске асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Кешенді жоспар өнеркәсіпті, пайдалы қазбаларды анықтау үшін геологиялық ізденістерді, ауыл шаруашылығын, туризмді, көлік саласын және логистиканы қоса алғанда, облысты дамытудың негізгі бағыттары бойынша 102 іс-шараны көздейтінін баяндады. Бұдан басқа, жаңа білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілерін ашу, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту жөніндегі шараларды іске асыру жоспарланып отыр.

2023-2027 жылдары өңір экономикасына шамамен 1,9 трлн теңге инвестиция тартылатын болады: 515 млрд – республикалық бюджет, 110 млрд – жергілікті бюджет, 1,3 трлн – жеке инвестициялар, 22 млрд – Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры.

Сонымен қатар Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады. Ол 2028 жылға қарай өңірде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1,4 трлн теңгеге дейін, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 725,9 млрд теңгеге дейін өсуі тиіс екенін атап өтті.

Туризм саласын дамыту аясында Семейде екі жаңа сауда ойын-сауық орталығы мен қонақ үй кешенін, сондай-ақ Алакөл жағалауында демалыс базасын салу жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, жылу көздерін, электр және сумен жабдықтау желілерін, кәріз-тазарту құрылыстарын, күре жолдар мен көпірлерді реконструкциялау, Семейде заманауи ЖЭО салу және т. б. бойынша қадамдар көзделген.

Премьер-Министр Кешенді жоспардың арқасында Абай облысында «Аягөз – Бақты – Қытай шекарасы» теміржол учаскесі, тау-кен байыту комбинаты, «Айдарлы» мыс кен орнын игеру, ет комбинаты, «құрғақ» порт және логистикалық парк сияқты ірі жобалар да іске асырылғанын айтып өтті.

«Кешенді жоспар өңірдегі өнеркәсіп көлемі мен ауыл шаруашылығы өнімін 1,5 есе, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың 3,5 есе өсуін қамтамасыз етеді. Қорыта айтқанда, жаңадан құрылған облыс сапалы дамуға жаңа серпін алады. Ең бастысы – 14 мың жұмыс орны құрылып, бұл жоспар жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.

Ұсынылған жоспар бойынша дауыс беруді өткізгеннен кейін Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігі мен облыс әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге, Кешенді жоспардағы іс-шаралардың дер кезінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button