Social

Францияның сүт безі обыры жөніндегі мамандары Қазақстанға келді

Осы аптада француздық зерттеушілер командасы сүт безі обырының скринингін жетілдіру жобасы бойынша Қазақстанға келді, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Француз тарапының Қазақстанға құрамында С3М президенті және Кюри институтының халықаралық даму бөлімінің басшысы – Ж.Сустье, маммографиялық скрининг бойынша маман – доктор А. Лезур, медициналық менеджмент бойынша консультант – Л. Монтевекки, алғашқы көмек бойынша маман – Л. Кислиг бар алғашқы танысу сапары өтті.

Сапар барысында француз мамандары Алматы қалалық емханаларына, Алматы және Жетісу облыстарының аудандық емханаларына, оның ішінде Алматы онкологиялық орталығына, №4, №23 қалалық емханасына, Алматы өңірлік көпбейінді клиникасына, Қарасай ауданының АКА-на, Жетісу облысының облыстық көпбейінді клиникасына, Ескелді ауданының АОА-на, Қаратал АОА-на және Қазақ онкология және радиология ҒЗИ сүт безі ісіктері орталығына барды.

Шетелдік мамандар қазақстандық әріптестерімен дикреттелген халыққа маммографиялық зерттеп-қараулар жүргізуді, маммограммаларды оқу мен мұрағаттауды, терең диагностиканы (нысаналы маммография, ультрадыбыстық зерттеу, пункциялық биопсия) талқылады. Олар маммографиялық скринингтің әртүрлі кезеңдерінің өткізілуімен танысты, мамандармен сұхбат жүргізді, РМЖ ерте диагностикалау бағдарламасына қатысуды бағалады, емханалар мен онкологиялық орталықтардың басшыларымен, диагностикалық бөлімшелердің меңгерушілерімен (маммография және УДЗ), профилактика және саламатты өмір салты бөлімшесінің мамандарымен, рентгенологтармен, рентген-зертханашылармен, жалпы практика дәрігерлерімен, орта медицина қызметкерлерімен, онкологиялық орталықтардың мамандандырылған консультациялық-диагностикалық бөлімшесінің мамандарымен жұмыс аспектілерін талқылады.

Жоба Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-дың Кюри институтымен (Франция) ынтымақтастығы жөніндегі меморандумның шеңберінде жүзеге асырылады.

Қазақстан мен Францияның онкология, медициналық мекемелерді басқару және медициналық қызметтер көрсету саласындағы жетекші зерттеу және медициналық орталықтардың арасындағы әріптестіктің маңыздылығы ҚР Президентінің 2022 жылғы қарашадағы Францияға сапары кезінде Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макронның бірлескен мәлімдемесінің мәтініне енгізілгенін атап өткен жөн.

Басқа жаңалықтар

Back to top button