«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ мен Азаматтық авиация академиясының өкілдері Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Азаматтық авиация агенттігіне арнайы іс-сапармен барды. Басты мақсат – өзара тәжірибе алмасу, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша елдер арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін арттыру.
Қазақстандық делегация құрамында «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Бас директорының авиациялық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Д.Еспотанов, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ авиациялық қауіпсіздік департаментінің директоры Д.Катышев, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Авиациялық қауіпсіздік департаментінің аға инспекторы Д.Әділбекұлы, Азаматтық авиация академиясының ректоры Б.Сейдахметов, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ авиациялық қауіпсіздік жөніндегі ИКАО оқу орталығының директоры А.Бекмұхамбетов болды. Іскерлік кездесулер барысында авиациялық қауіпсіздік саласы бойынша екі елдің нормативтік-құқықтық актілері зерделенді. Сондай-ақ азаматтық авиация ұйымдарында инспекторлық персоналдың біліктілігін арттыру және авиациялық қауіпсіздік жөніндегі мамандарды даярлау бойынша консультациялар өткізілді.
Сонымен қатар тараптар азаматтық авиацияны мемлекеттік басқарудың қолданыстағы жүйесі және саладағы ағымдағы жағдай туралы өзара ақпарат алмасты. Қазақстан делегациясы еліміздің авиациялық әкімшілігінің Авиациялық қауіпсіздік департаментінің құрылымы мен қызметі бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Әсіресе, жалған және жасырын хабарламаларға жіті назар аударылды.
Екі ел өкілдері Алматы қаласындағы авиациялық қауіпсіздік жөніндегі ИКАО оқу орталығында персоналды даярлау және қайта даярлау жөніндегі ұсыныстарды да талқылады.
Сапар аясында қазақстандық делегация Душанбе халықаралық әуежайына барып, стратегиялық нысандағы қауіпсіздік жүйесімен және оған іргелес жатқан аумақпен танысты.
Кездесу соңында авиациялық әкімшіліктер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мақсатында арнайы хаттамаға қол қойылды. Онда авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында тәжірибе алмасу бойынша бірлескен семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу және екі ел заңнамаларын ИКАО стандарттарымен және ұсынатын практикасымен үйлестіру бойынша консультациялық-сараптамалық топ құру қарастырылған.