SocialБасты

Республикалық жолдарда қауіпсіздікті арттыру шаралары атқарылуда

Елімізде республикалық маңызы бар жолдарды салу және жаңартумен қатар, пайда болған шұңқырларды жөндеу және тегістеу сияқты жұмыстар жүйелі түрде жасалады, деп хабарлайды ҚР ИИДМ-нің баспасөз қызметі.

«Қазақавтожол» кәсіпорны жолдарды бұзылудан сақтауға және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді бағдарлама аясында 2021 жылы 658 мың шаршы метрге жуық шұңқыр жолды жөндеп, 189 мың шаршы метрге жуық жолды тегістеген. Сонымен қатар, 11 мыңнан астам жол белгісі, 480 ақпараттық панно, 35 жарықдиодты жол белгісі және 757 метр көпір қоршауы қойылды.

Сонымен қатар, 189 көлік павильоны мен демалыс алаңы жөнделіп, 4,9 мың шаршы метр дыбыс шығаратын жолақтар орнатылды. Жолдағы шақырымды көрсетіп тұратын 3547 белгі, 28 мыңнан астам дабыл бағаны және 55 мыңнан аса катафот қойылған.

«Бұл шаралардың барлығы жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, апаттың азаюына және жүргізушілердің зейінін арттыруға оң әсер етеді. Айталық, дыбыс шығаратын жолақтар келе жатқан қатардан шығып кеткенде немесе қауіпті учаскеге жақындағанда жүргізушілердің назарын арттырады. Жарықдиодты катафоттар мен жол белгілері түнгі уақытта бағдар көрсетіп отырады», – дейді жол мамандары.

Кешенді бағдарлама аясындағы мұндай жұмыстар жыл сайын республикалық маңызы бар жолдардың 14 бағытында жүргізілетінін айта кеткен жөн.

Басқа жаңалықтар

Back to top button