ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында құрылыс саласына базалық цифрлық құралдарды енгізу жөніндегі Министрліктің жоспарлары туралы айтып берді. Ол шаралар объектілер бағасының артуына жол бермеуге және экономиканың маңызды саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, құрылыс саласын цифрландыру аясында «Ақпараттық модельдердің мемлекеттік банкі» жүйесі енгізілуде. Ол құрылыс объектілерін онлайн форматта, оның ішінде ғимараттарды ақпараттық технологияны (BIM) қолдана отырып, модельдеуге мүмкіндік береді.
«Е-Құрылыс» жүйесі онлайн-режимде қазаншұңқыр қазудан бастап пайдалануға бергенге дейінгі барлық кезеңдегі құрылыс барысын бақылауға мүмкіндік береді.
Үлестік қатысу шарттарын есепке алу үшін «Қазреестр» енгізілді. Ол жосықсыз құрылыс салушылардан үлестік құрылыс бойынша баспана сатып алу тәуекелдерін барынша азайтады.
«Е-Шаңырақ» платформасы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің бірыңғай жүйесі. Ол тұрғын үй қорын басқарудың ашықтығын, салаға мониторинг жасауды және талдауды қамтамасыз етеді.
«Маркетплейс» онлайн-платформасында компаниялар құрылыс материалдарын өндірушілерден делдалдарсыз, тікелей сатып ала алады.
«Жалпы, саланы цифрландыру бойынша қабылданып жатқан шаралар бюрократияны төмендетеді және құрылыстағы рәсімдерді жеңілдетеді. Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың инвестицияларының қатысуымен салынатын объектілер құнының артуына жол бермеу үшін мемлекеттік сараптама порталында (epsd.kz) онлайн-калькулятор енгізе отырып, құрылысқа жұмсалатын шығындардың шекті лимиттері белгіленді. Сондай-ақ, прайс-парақтардың орнына бірлі-жарым сметалық бағалар мен олардың анықтамалары әзірленуде», – деді Қ.Өскенбаев.
Министрдің айтуынша, бірлі-жарым сметалық бағалар мен олардың анықтамалықтары өңірлер бойынша объектілер құнының ауытқуын, сондай-ақ жобалау және жобалық-сметалық құжаттаманы сараптау кезеңдерінде бағасының артуын болдырмайды.