ШҚО-ны Қазақстаннан бөліп, бөлек мемлекет құрғысы келген екі сепаратист 5 жылға қамалды
Өскемен қаласының екі тұрғыны сепаратистік әрекеттерді насихаттағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, екі азамат ұлттық және әлеуметтік араздықты қоздыратын жарияланымдар жасап, үгіт-насихат жүргізген.
«Тергеу барысында олардың 2024 жылдың ақпан айында интернет-ресурстарды (чат-рулетка) пайдаланып, Шығыс Қазақстан облысын Қазақстан Республикасынан бөлу мақсатында референдум өткізу қажеттігі туралы ойын білдіргені белгілі болды. Референдумда оң нәтижеге қол жетпеген жағдайда облысты күштеп басып алу қажеттігін насихаттаған», — деп хабарлады ведомстводан.
Өскемен қалалық № 2 сотында қаралған сот ісінде айыпталушылар өз кінәларын толық мойындап, өкінетінін жеткізді.
«Сот үкімімен сотталушылар 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді. Мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мәселелері құқық қорғау және арнайы органдардың ерекше бақылауында» делінген хабарламада.