SocialБасты

Мен Алашты ардақтаған азаматты қашанда қолдаймын — академик Дихан Қамзабекұлы

Әділетті Қазақстанның салтанат құруы – Алаш аманатының орындалуы деп есептеймін!

«Қазақ тарихында Алаш арыстарының орны әрдайым бөлек. Олар еліміздің азаттығы мен жеріміздің тұтастығы үшін күресті. Тағдыр мен тарих әрбір буынға өзіне тиесілі жауапкершілік артады. Бүгінгі біздің азаматтық парызымыз – Алаш тұлғаларының есімін жаңғыртып, мемлекетшілдік еңбегіне әділ баға беру.

Соңғы кезде елімізде осы бағытта жүйелі жұмыстар қарқын алып келеді. Ұлт зиялыларына орнатылған жатқан ескерткіштер, беріліп жатқан көшелер, түрлі деңгейде өткізілген ғылыми конференциялар мен тағылымды кештер — сөзімізге анық дәлел. Қарағанды қаласында ірі ауданға Әлихан Бөкейхан есімі беріліп, Астана, Шымкент қалаларында, Қарқаралыда еңселі ескерткіштер бой көтерді. Алаш көсемнің туған жерінде және өзге де елді мекендерде бюст-ескерткіштер ашылып, бірқатар өңірде мектеп пен көше-даңғылдарға есімдері беріліп, өнегелі істер салаланып жатыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елордадағы Алаш арыстарына арналған ескерткіштің ашылу рәсімінде: «Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты» деп, ізашар салмақты сөз айтты.

Бұл – Мемлекет басшысының Алаш құбылысына берген бағасы, арыстарға деген көзқарасы hәм зор құрметі деп білемін. Алаш идеясы, Алаш мұраты туралы мемлекеттік деңгейде мінберден айтылған сөз – тарихи әділеттік пен ұлы тұлғаларды танудағы тың серпілісті айқындайды.

Әділетті Қазақстанның салтанат құруы – Алаш аманатының орындалуы деп есептеймін!

Мен Алашты ардақтаған азаматты қашанда қолдаймын. Осы орайда баршаңызды алдағы саяси додада мемлекетшіл тұлға Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға шақырамын» — алаштанушы-ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы.

Еще новости

Back to top button