Ұлттық Банк алаяқтық сипатта жазылған хаттар туралы ескертеді
Қазақстан Ұлттық Банкі қаражат жіберу туралы өтініші бар электрондық хаттар мен анонимді телефон қоңырауларын елемеуге шақырады. Белгісіз банктік шоттардың деректемелері қамтылған, кездейсоқ ақша алу мүмкіндіктері туралы хабарламалар көп жағдайда олардың алаяқтық әрекет екендігін көрсетеді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Банктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шын мәнінде мұндай хаттар Ұлттық Банктен жеке тұлғаларға таратылмайды. Орталық банктер жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысулар мен мәмілелер жүргізбейді: Ұлттық Банктегі банктік шоттар тек ҚҰБ, екінші деңгейдегі банктер мен саны шектеулі заңды тұлғалардың операциясын есепке алу үшін ғана ашылуы мүмкін. Осыған орай Қазақстан Ұлттық Банкінің жеке тұлғалардың құнды заттары мен банкнот, монеталарына қатысты инкассациялық (соның ішінде жеткізу, тасымалдау) қызметті атқармайтынын ескертеміз.
Қазақстан Ұлттық Банкінен қаражат жіберу туралы өтініші бар күдікті хаттарды алған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.