Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Үсен Сүлейменнің төрағалығымен «Адами өлшем бойынша диалог алаңы» Консультативтік-кеңес органының («АӨДА» ККО) кезекті онлайн отырысы болып өтті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Парламент, Жоғарғы Сот, Конституциялық Кеңес, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, мүдделі министрліктердің, құқық қорғау саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ алаңның қонақтары – халықаралық серіктестердің өкілдері, оның ішінде БҰҰ Даму бағдарламасы, Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы, ЕҚЫҰ, Еуропа одағы, АҚШ-тың Нұр-Сұлтандағы Елшілігі, ЮСАИД және «Халықаралық түрме реформасы» ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Отырыста экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні орындау жөніндегі Қазақстан Республикасының Екінші баяндамасы бойынша БҰҰ экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі комитетінің ұсынымдарын имплементациялау және қорытынды ескертпелерін пысықтау жөніндегі шаралар талқыланды.
Сонымен қатар қатысушылар мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы бөлігінде институционалдық шеңберлер мен коммуникация құралдарын жетілдіру мүмкіндіктерін қарастырды.
Отырыстың тағы бір өзекті тақырыбы мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу мәселесі болды (БҰҰ тиісті конвенциясының 29-бабы).
Сондай-ақ қатысушылар Бас прокуратураның қылмыстық заңнамаға реформалар пакеті мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің адам саудасына қарсы күресті ілгерілету туралы ақпаратын тыңдады.
Күн тәртібіндегі әрбір мәселеге қатысты пікір алмасулар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылы бойынша нақты ұсыныстардың әзірленуін көздеп, ашық әрі мазмұнды сипатқа ие болды.
Қорытындылай келе, қатысушылар желтоқсанда өткізілуі жоспарланған «АӨДА» ККО-ның келесі отырысының күн тәртібін бекітті.