EducationБасты

Жоғары білімі жоқ 18 мыңнан астам жас тегін оқып, мамандық алып шықты

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 9-11 сыныптан кейін оқу орындарына түспеген 18,4 мың мектеп түлегіне, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ жастарға, оның ішінде жетімдерге, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға, көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелеріне еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды тегін меңгеруге мүмкіндік берілді. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап Jana-kezen.kz хабарлайды.

«Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім» жобасы 2017 жылдан бастап іске асырылуда және ол 2021 жылға дейін есептелген.

2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап оқуға 18 мыңнан астам жас жіберілді, оның ішінде 9-сынып базасында – 14,2 мың адам, 11-сынып базасында – 4,2 мың адам. Оның ішінде 4,9 мың адам – көпбалалы отбасы мүшелері, 5,3 мың адам – табысы аз отбасы мүшелері, 1,3 мың адам – өткен жылдардың түлектері, 414 жетім, 233 мүгедек және 6,3 мың адам – басқа санаттағы жастар (жұмыссыздар, интернаттық ұйымдардың тәрбиеленушілері, NEET санатындағы жастар).

Кадрларды даярлау техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышына сәйкес оқыту мерзімдері мен білім беру деңгейлері бойынша біліктіліктер мен мамандықтар тізбесі негізінде айқындалған 171 біліктілік бойынша 370 ТжКБ ұйымында жүзеге асырылады.

ТжКБ бар кадрларды даярлаудың ұзақтығы білім бағдарламаларында көрсетілген мерзімдерге сәйкес таңдалған мамандық пен біліктілікке байланысты (3 жылға дейін).

Қатысушылар тізімін жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өтінімдері негізінде 2 062 мобильдік топ қалыптастырды.

Кадр даярлауда энергетика, құрылыс, көлік, монтаждау, пайдалану және жөндеу салалары бойынша, ауыл шаруашылығы, байланыс, телекоммуникация, ақпараттық технологиялар, сервис және басқа бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

Жоба шеңберінде ТжКБ-мен кадрларды даярлаудағы басты ерекшелігі ақысыз ұсынылатын білім беру, кадрларды даярлаудың дуальды моделін пайдалану болып табылады, оқыту тек жұмыс біліктіліктері мен мамандықтары бойынша жүзеге асырылады, сондай-ақ барлық қатысушыларды 21 787 теңге мөлшеріндегі стипендиямен, бір реттік тамақпен және жол жүрумен қамтамасыз етеді.

Дайындалатын кадрлардың бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыру үшін оқыту 40% теориялық сабақтардан, ал 60% өндірістік практикадан тұрады. Ол үшін білім беру ұйымдары ірі кәсіпорындармен және ұйымдармен шарттар жасасады.

Өз кезегінде кәсіпорындар Бағдарламаға қатысушыларға жұмыс орындарын ұсынады және оларға тәлімгерлер бекітеді.

Оқу аяқталғаннан кейін түлектерге жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары көрсетіледі. Ол үшін білім беру ұйымдары оқуды аяқтағандардың тізімін халықты жұмыспен қамту орталықтары мен «Атамекен» ӨКП-ға жібереді.

Бұдан басқа, бағдарламаға қатысушылар оқудан кейін 200 АЕК мөлшерінде бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар алуға құқылы

Басқа жаңалықтар

Back to top button