Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысы активіне жаңа әкімді таныстырды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Шығыс Қазақстан облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
Жиналыс барысында депутаттарға Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына екі кандидат – ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен ШҚО Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновты ұсыну туралы хаты оқылды.
Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттар Нұрымбет Сақтағановтың кандидатурасын қолдады, оған 148 депутаттың 104-і дауыс берді, Арман Бекбосыновты 41 депутат жақтады.
Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановты тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Облыс активімен кездесуде Олжас Бектенов Ермек Көшербаевқа нәтижелі жұмысы мен өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысына шамамен 1,5 трлн теңге инвестиция тартылғаны атап өтілді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Облыста инфрақұқрылымдық және әлеуметтік жаңа нысандар іске қосылды.
Жаңа әкімді таныстырған Премьер-министр Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысы басшылығы алдына қойған міндеттерге тоқталды. Іске асыру халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, өңір экономикасының дамуына серпін беретін перспективалы бағыттар айқындалды. Басым жобалар қатарына шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, цифрлық шешімдерді енгізу жатады. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын күшейтудің маңыздылығы атап өтілді.
Табиғи демалыс аймақтары мен тарихи-мәдени орындарды дамыту арқылы туристік әлеуетті ашуға ерекше назар аударылды. Бұқтырма су қоймасы арқылы еліміздегі ең ірі көпірдің ашылуы, Қатонқарағай және Зайсан курорттық аймақтарында әуежайлардың салынуы сала мен жалпы экономиканың дамуына қосымша серпін береді.
Басым міндеттер қатарында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, өнеркәсіпте заманауи технологиялар мен инновациялық тәсілдер қолдану және басқа да мәселелер белгіленген.