Жөтеліп, ыстығы көтерілгендер неге ұзақ уақыт жазыла алмай жатыр – министр жауабы
Аталған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жөтел жұқтырған қазақстандықтардың неге ұзақ уақыт бойы жазыла алмай жатқанын түсіндірді.
«Халық арасында дене қызуының 39 градустан түспей, 2 аптадан 3 айға дейін жөтел кетпейтін аурудың тарап жатқаны туралы шағымдар бар. Бұрын 4-5 күнде кетіп қалатын симптомдардың ұзаққа созылып кетуіне не себеп?» – деп сұрады журналист Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.
Ақмарал Әлназарова оның бір себебі халықтың дәрі-дәрмекті бейберекет пайдалануында болуы мүмкін деген болжам айтты.
«Бұл жерде кешенді мәселелер бар деп ойлаймын. Үлкен мәселенің бірі – вирустардың антибиотиктерге төзімділігі. Бүкіл әлемде осындай мәселе бар. Өкінішке қарай, антибиотиктерді бақылаусыз пайдалану мәселесі бүкіл әлемде өзекті болып тұр. Қазір жас балалардың ауыр жағдаймен ауруханаға түсіп, ешқандай антибиотикпен, 4-5 бесінші қатардағы антибиотиктермен емделмей жатқанын көріп отырмыз», – деді министр.
Сондай-ақ, ол жастардың дұрыс тамақтанбауы денсаулығынан көрініс беріп жатқанын айтады.