Education

Мәжілістегі Үкімет сағатында отандық ғылымды дамыту мәселелері талқыланды

Мәжілісте өткен Үкімет сағаты Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыру аясында ғылымды дамытуға арналды. Отырысты ашқан Палата төрағасының орынбасары Дания Еспаева Президенттің ғылымды дамытуға айрықша басымдық бере отырып, бірқатар нақты тапсырмалар жүктегенін атап өтті, деп хабарлайды Мәжілістің Баспасөз қызметі.

Ғылым саласын дамыту бойынша жұмыстар жөнінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндады. Ол елімізде ғылыми зерттеулер және тәжірибелік жұмыстармен айналысатын 414 ұйым мен 22 мыңнан астам кадр бар екенін атап өтті. Саланы қаржыландыру соңғы үш жылда 3 есеге артқан.

«Біз ғылым кадрларының қартаюы, мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділік, ғылыми зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік жұмыстарға бизнестің өте төмен қызығушылығы сынды мәселелерді айқын көріп отырмыз. Осы проблемаларды шешу үшін Үкімет отандық ғылым мен кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған қажетті стратегиялық құжаттарды қабылдады», – деді С.Нұрбек баяндамасында.

Министрдің айтуынша, биыл 28 наурызда «ҚР жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітіліп, құжатта ғылым саласы бойынша негізгі міндеттер айқындалған. Олар: ғалымдар қатарын көбейту, экожүйені нығайту, экономикадағы үлесін арттыру, университеттегі ғылымды дамыту, ғылымды басқаруды жетілдіру және т.б.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов ғылым мен білім саласында жылдам жеңіске жету қиын екенін айтты.

«Соңғы 2 жылдың ішінде ғылымды дамыту үшін Президент 12 маңызды тапсырма берді, олардың барлығы заңнамалық деңгейде іске асырылды. Ғылыми ұйымдарды тікелей қаржыландыруды енгізу жөніндегі тапсырманың орындалуы. Депутаттық корпус тиісті норманы 2021 жылғы желтоқсанда қабылдады. Тікелей қаржыландырудың барлық тетігі 2022 жылдың екінші жартысында іске қосылады деп күтілген болатын. Алайда қазір 2023 жылғы мамыр айы болды, ал бұл механизм әлі іске қосылмаған. Ал тікелей қаржыландыру дегеніміз не? Бұл – 1200 ғылыми қызметкердің тағдыры, олар әлі күнге дейін өздеріне тиесілі жалақыны ала алмай отыр», – деді депутат.

Сондай-ақ отандық ғылымды жаңа деңгейге көтеру және дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді.

«Депутаттық корпус «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасына бастамашылық жасады. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Мәдениет министрлігінің жоғары оқу орындарын – Ғылым министрлігінің қарамағына беру, ал педагогикалық жоғары оқу орындарын медициналық жоғары оқу орындарымен ұқсастығы бойынша – Оқу-ағарту министрлігінің қарамағына беру ұсынылады. Бұл білім берудің барлық деңгейі үшін педагогтерді даярлаудың тұтас моделін құруға мүмкіндік береді. Ғылыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеулер мен жұмыстарға қажетті тауарларды сатып алуы үшін мемлекеттік сатып алуды жүргізудің ерекше тәртібін белгілеу. Әйтпесе парадокс орын алуда, ғылыми зерттеу институттары және жоғары оқу орындары ғылыми жобалар мен бағдарламаларға арналған конкурстарды жеңіп алады, бірақ та зерттеудің өзін бастау үшін олар жабдықтарды, реактивтерді, зерттелетін объектілерді сатып алу бойынша тағы конкурстар өткізуі керек, кейде олар жылдап өтпей қалуы немесе жабдықты жеткізу бірнеше айға созылуы мүмкін. Қазақстандық ғалымдардың ғылыми журналдары мен монографияларын басып шығару бойынша арнайы гранттар бөлу», – деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар комитет басшысы басқа да бастамаларға тоқталды. Мәселен, тікелей қаржыландыруға жататын ғылыми ұйымдардың субъектілерін кеңейтуге қатысты.  Бұл – медицина, аграрлық ғылым, іргелі зерттеулер.  Сондай-ақ гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру көлемін арттыру ұсынылды.

Үкімет сағатының тақырыбын жан-жақты талқылау кезінде мәжілісмендер бірқатар түйткілді мәселені айқындап берді. Депутат Еркін Әбіл аймақтық ғылыми ұйымдар қаржыландырудың жеткіліксіздігінен үздік кадрларынан айырылып, кадрлық талаптарды сақтамау салдарынан қаржыландыруды ала алмай отырғанын айтты. Ал Жұлдыз Сүлейменова инфрақұрылымды дамыту, жаңа заманауи зертханалар салу және бюджеттен тікелей қаржыландыру мәселелерін көтерді. Парламент депутаттарының осы және өзге де сұрақтарына отырысқа шақырылған мемлекеттік органдар өкілдері жауап берді.

«Бүгін біз ғылымдағы, оның ішінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудағы өзекті мәселелермен және проблемалармен таныстық. Оларды шешпей, бұл бағыттағы жұмыстар тиімді болмайды. Сондықтан жүйелі проблемаларды шешуге баса назар аударуды ұсынамыз», – деп Дания Еспаева отырысты қорытындылады.

Жиында көтерілген ғылымды дамыту мәселелер бойынша Ұсынымдар Үкіметке жолданатын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button