«Хюндай» мен JAC қашан «Құйындай» мен JACSY-ға айналады
Қазақстанға автомобиль өндірісі керек пе? Өндіріс кез-келген мемлекеттің ұлттық экономикасының маңызды саласы, тірегі болғандықтан, бұл сұраққа «Әрине, керек» дегеннен басқа жауап болуы мүмкін емес сияқты. Бірақ, басқа елдерді қайдам, елімізде «Мұндай автоөндірістің бізге керегі жоқ, бәрін жауып тастау керек» деп қолды бір сілтеп, шорт кесетіндер аз емес. Және оған «Отандық автоөнеркәсіп деп жүргеніміз бәрін шетелдерден әкеліп, тек доңғалағын салумен шектеледі» деген уәжді алға тартады. Шын мәнінде солай ма? Бұл сауалға жауап табу үшін салада атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан ләзім. Сонымен…
«Тұлпар» сүрінді екен деп, бәйгеден түбегейлі бас тартамыз ба?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, нақтырақ айтсақ 1997 жылы Алматыдағы станок зауытында Кореяның Kia Sportage көлігі негізінде отандық «Тұлпар» джипін құрастыру басталағаны туралы сүйінші хабар таратылды. Бірақ, «Москвичтер» мен «Жигулилердің» орнына өзіміздің төл көлігімізді мінетін болдық деген үкілі үміт ақталмай, әлгі цех көп ұзамай жабылып қалды. Биіктерге ұмтылу, алдыда асқақ армандар қойып, оған жету үшін талпыныс жасау, әрине, дұрыс қой, бірақ зейнетақы мен жалақының өзі дұрыстап төленбей жатқан заманда автоөндірісті жолға қою туралы бастаманың орындалуы қиын-ақ еді. Солай болды да. Бірақ, бұл өзіміздің темір тұлпарды тізгіндеу туралы арман-жоспардан түбегейлі бас тарту дегенді білдірмесе керек. Тиісінше, ел еңсесі көтеріліп, экономикалық жағдай түзелген кезде бұл тақырып қайта күн тәртібіне шықты. Ол түсінікті де. Өйткені, ертеңін ойлаған кез-келген ел шикізатты сатып қана күнелтудің болашағы бұлыңғыр екенін біледі. Соған сәйкес шешімдер қабылдап, әрекет етеді. Қазақстанда да шикізаттық экономикадан өңдеу өнеркәсібіне көшудің амалдары жасалды. Соның бірі – отандық автоөнеркәсіпті жолға қойып, дамыту. Бұл – көп уақытты, қомақты қаржыны, мамандардың кәсіби біліктілігін қажет ететін күрделі технологиялық үрдіс. Бүгінде ішкі нарығының сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, көліктерін экспортқа шығарып жатқан елдердің барлығы дерлік осы жолдан өтті. Қазақстан да алғашқы қадамдарын жасады. Нәтижесі жаман емес.
Өндіре ме, құрастыра ма?
Отандық автоөнеркәсіптің бүгініне сынмен, ертеңіне күмәнмен қарайтындар «Мына автомобиль Қазақстанда шығарылды деуге келмейді. Құрастырды немесе жинады» деп айту керек дейді. Құрастыру да өндірістің бір бөлшегі болғандықтан, оны қалай айтса да, маңызы шамалы. Ең бастысы бұл бағытта біртіндеп, рет-ретімен нақты жұмыстар атқарылып жатыр.
«Тұлпардың» тақырыбы жабылған соң, араға біршама жыл салып, атап айтқанда 2003 жылы елімізде «Нива» көліктері құрастырыла бастады. Бірақ, өндіріс көлемі аз еді. Айталық, 2010 жылы тек 4 мың данасы жиналып, ішкі нарықтың қажеттілігін негізінен импорт жауып отырды. Содан Үкімет 2010 жылы кәсіпорындарға нақты міндеттер қоя отырып, көлікті өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдерге қол қоя бастады. Ол да күткендегідей нәтиже бермей, 2016 жылы қосылған құн салығы бойынша преференциялар, кәдеге жарату алымын енгізу, жеңілдікпен несие беру және лизинг бағдарламасын әзірлеу, өнім экспортын қолдау шаралары секілді саланы ынталандыру шаралары қабылданды. Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасы іске қосылды.
Ынталандыру шараларының нәтижесінде салаға әлемдік ірі инвесторлар келе бастады. Соның бірі – «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС-нің стратегиялық әріптесі СМС–JAC Motors компаниясы. Бүгінде Қостанайда JAC-тан бөлек Lada, Renault, Chevrolet, Kia сияқты жеңіл автомобильдер жиналады. Оның ішінде JAC S3 маркасы бойынша ірі торапты өндіруден ұсақ торапты өндіруге көшкен.
Яғни, шанақты жинаудан бастап, дәнекерлеу және бояудың барлық технологиялық операциялары игерілген. Басқаша айтқанда, қорапта темір боп келген бөлшектерден дайын көлік етіп шығарады. Бұл айтуға ғана оңай, көзбен көрген адам оның қаншалықты ауқымды, күрделі жұмыс екеніне көз жеткізеді. Ендігі міндет – көлікті құрастырушы бөлшектерін өз елімізде өндіру. Ол да қаражат пен ерік-жігерге ғана тіреліп тұрған жоқ. Бренд иеленушінің бөлшектерді өндіруге сертификат беруінен бастап, өндірісті ұйымдастыруға дейінгі жұмыстар уақытты қажет етеді. Бірақ, мақсат айқын, көп ұзамай ол күнге де жетеміз.
Қазақстанда жасалған Hyundai
Алматыда 2020 жылы «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты ашылды. Кәсіпорын 2021 жылдың өзінде 26 мың автомобиль өндірсе, биыл 45 мың данасын шығаруды жоспарлап отыр. Осы 2 жылдың ішінде-ақ жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Яғни, бүгінгі таңда Hyundai Accent көлігін ұсақ торапты өндіруге қол жеткізді. Ал биылғы наурыздан бастап Hyundai Tucson-ды дәнекерлеуге және бояуға кіріседі.
Содан кейін құрастырушы бөлшектерін өз елімізде өндіру міндеті тұр. Бұл бағытта алғашқы болып пластик бөлшектерін, аккумуляторын, кілемшелерін, орындықтарының өндірісін жергіліктендіру жоспарланған. Біртіндеп олардың саны да, көлемі де арта түседі.
Осылайша, өзбек ағайындар 30 жылда жүріп өткен жолды қазақстандық автоөндірушілер әлдеқайда жылдам еңсеруді көздеп отыр. Міне, сол кезде ресми атаулары өзгермесе де (кім біледі, мүмкін өзгеріп те қалар), дәнекерлеу мен бояудан бөлек, басым бөлігі өз елімізде шығарылатын «Хюндай» мен JAC-ты өзімсініп, «Құйындай» мен JACSY (Жақсы) деп атай бастайтын шығармыз.
Маман бәрін шешеді…
Кез-келген жобаны мамандарсыз іске асыру мүмкін емес. Сондықтан, қыруар қаржы құйып, көлемі даңғарадай, озық технологиялық зауыттар салып, ертең онда жұмыс істейтін білікті жұмысшы табылмаса, бәрі бос болмақ. Отандық автоөндіріс саласында бұл жағы да қарастырылған. Қазірдің өзінде мамандандырылған орта арнаулы және жоғары оқу орындарымен келісім жасасып, қажетті мамандарды даярлауға кірісіп кеткен. Студенттер теориямен қоса, тәжірибелік жағынан машықтанып шығуы үшін, оқу орындарына қажетті жабдықтар орнатылған. Зауыттарға барып, жұмыс істеулеріне жағдай жасалған. Тәжірибелі қызметкерлерден тәлімгерлер бекітіліп, істің қыр-сырын үйретеді. Мәселен, Қостанайдағы автомобиль көлігі колледжінде оқитын студенттердің басым бөлігі дипломдарын ала салып, бірден осы зауыттарда жұмысқа кіріспек.
Маман демекші, Қостанайдағы да, Алматыдағы да зауыт қызметкерлері «Қазақстанда автоөндіріс тек дөңгелегін қоюмен шектеледі. Бұлар – зауыт емес, үлкен СТО, гараж ғой» деген сияқты әңгімелер көңілдеріне қаяу түсіретінін айтады. «Ондай жөнсіз, негізсіз сөзді таратушылар алдымен келіп, өз көздерімен көрсін да» дейді. Осы орайда зауыттарда жұмыс істеуге барлық жағдай жасалғанын айту керек. Жалақылары жақсы. Тіпті «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытына кірсең, шыққың келмейді. Мұнтаздай тазалығын айтпағанда, бәрі жаңаша жабдықталған. Оған қоса, жұмысқа өздері әкеліп, үйлеріне өздері жеткізіп салады. Тамақтары тегін.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда автомобиль өндірісі бар. Келешегі кемел. Әлі қанатын кеңге жая қоймағандықтан, қадамы әлі нық емес шығар. Осы орайда өзіміздікін қор, өзгенікін зор көретін керітартпа әдеттен арылып, мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да отандық өндіріске қолдау және түсіністік керек. Сонда ғана жемісін көріп, жеңісіне қуанатын кез келеді. Міндетті түрде.
Автор: Данияр Меңілбеков