Алматыда пандусы жоқ мекемелерге айыппұл салынды
Алматыда «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңның талабын сақтау бойынша 2019 жылы 70 объектіге тексеру жүргізіліп, талаптарды сақтамаған мекемелерге айыппұл салынды. Бұл туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айдынжан Нарматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тексеру нәтижесі бойынша, көптеген кемшілік анықталды, атап айтқанда пандустардың жоқтығы, объектілерде бар пандустардың стандарттарға сай келмеуі, мүмкіндігі шектулі азаматтарға көлік тұрақтарының жоқтығы, объектілерде көзі көрмейтін адамдар үшін тактильді тақтайшаның, арнайы жолдайтын белгілердің жоқтығы, санитарлық-гигиеналық бөлмелерінің сай болмауы т.б.»,– дейді департамент басшысы.
Тексеру нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 44 объектінің басшыларына ұйғарым берілді, 3 субъектіге жалпы сомасы 270 АЕК мөлшерінде айыппұл салу арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылды (530 250 теңге толығымен өндіріп алынды), 28 мекемеде анықталған бұзушылықтар жойылды, 16 нысан бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділігі болмаған жағдайда лауазымды адамдарға – 50 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 120 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/almatyda-pandusy-zhok-mekemelerge-ayyppul-salyndy_a3661037