EconomyБасты

Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге бөлінген

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов дағдарысқа қарсы шаралар пакеті шеңберінде Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру туралы баяндады.

Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге көзделген. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банктен облигациялық қарыз есебінен 200 млрд теңге бөлінді. Жол картасы төрт бағыт бойынша іске асырылуда:

Бірінші. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру.

Екінші. Шағын және орта бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру;

Үшінші. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту;

Төртінші. Өңірлерде бизнесті дамыту көзделген.

Қаржыландыру лимиттері анықталып, өңірлер бойынша  жұмыс күшінің үлесіне сәйкес бөлінді.

Қаражаттың 42,5%-ы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, 33,3%-ы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, 24,2%-ы өңірлерде бизнесті дамытуға және шағын несие беруге бағытталған. Шағын несиелер «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен құрылған микроқаржы ұйымдары арқылы берілетін болады.

Бірінші бағыт бойынша барлығы 136 жоба іске асырылып, 19 мың жұмыс орны, оның ішінде 7,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

«64 жаңа мектептің, 13 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, суару кешенін және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады», — деді Серік Шәпкенов.

Жобаларды іріктеу кезінде тұрақты жұмыс орындарын құруға және 3 ауысымды және апатты мектептерді азайтуға, денсаулық сақтау нысандарына, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға басты назар аударылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Шағын және орта бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру» екінші бағыты бойынша жеңілдетілген шарттармен 6%-ға дейінгі мөлшерлемемен шағын несие беру көзделген.

Жалпы сомасы 22,5 млрд теңгені құрайтын 5,4 мың жобаның алдын ала тізімі әзірленді, оған ет, сүт, азық-түлік өнеркәсібі өнімдерін өндіру және өңдеу, қызмет көрсету және тағы басқа салалардағы бизнес жобалар енді.

Шағын несиелендіру құралын іске асыру тиімділігін арттыру үшін өңірлерде 15 шағын қаржы ұйымы құрылды.

Микрокредит алушылар 10,6 мың қосымша жұмыс орнын құратын болады.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыты бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп жалпы құны 100 млрд теңгені құрайтын 42 инвестициялық жоба іске асырылады. Соңғы қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі субсидиялау арқылы 6%-дан аспайтын  болады.

Жобаларды іріктеуде:

  • жұмыспен қамтуды қолдау және жұмыс орындарын құру;
  • пысықталуының жоғары деңгейі;
  • азық-түлік тауарларын импорттаудың қысқаруы критерийлеріне баса назар аударылды.

2,2 мың уақытша және 3,8 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

«Бизнесті дамыту шеңберінде өңірлерде бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен кредиттер және қарыз беру, жарғылық капиталға инвестициялау, қаржылай емес қолдау көрсету есебінен шамамен 6 мың жұмыс орны құрылатын болады», — деді еңбек министрлігінің басшысы.

Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде:

  • 35,6 мың жұмыс орны, оның ішінде 55%-дан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Отбасы мүшелерін есептесек шамамен 80 мың адам тұрақты табыспен қамтылады.
  • әлеуметтік активтер құру арқылы әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады;
  • нарық жаңа өндірістерді құру арқылы отандық азық-түлік тауарларымен толығады;
  • жалпы ішкі өнім құрылымында шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға қол жеткізіледі.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпхановтың айтуынша, холдинг бизнес-бастамаларды дамытуды ілгерілету және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қолданыстағы тетік шеңберінде ҚР Ұлттық Банкінің қаражатынан айналым мерзімі 10 жыл және жылдығы 7% сыйақы мөлшерлемесімен 200 млрд теңге көлемінде облигациялық қарыз тартуды жоспарлап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button