Үндістанға COVID-19 індетімен күресу үшін Қазақстанның гуманитарлық көмегі жеткізілді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес және екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестік қағидаттарын басшылыққа ала отырып Қазақстан Үкіметі Үндістанға COVID-19 пандемиясы жағдайындағы күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсетті.
Тиісті жүктері бар екі қазақстандық ұшақтың біріншісі 14 мамырда таңертең Нью-Делидегі Индира Ганди атындағы халықаралық әуежайға қонды. Екіншісі бірнеше сағаттан кейін келеді.
«Гуманитарлық көмекке медициналық денсаулық сақтау компанияларының медициналық маскалары, респиратор, қорғаныш костюмдері және портативті желдеткіштері кіреді. Әуежайда оны табыстау рәсіміне Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев, үнді тарапынан – Үндістан Сыртқы істер министрлігі Еуразиялық ынтымақтастық департаментінің директоры Бандару Вилсонбабу қатысты», делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 4 мамырда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модиге жеделхат жолдады.
Онда Мемлекет басшысы «Үндістанда COVID-19 індетінің қатты өршуіне байланысты қалыптасқан қиын-қыстау кезеңде үнді елінің қайғы-қасіретіне ортақ екенін» білдіріп, 7 мамырда Қазақстан Үкіметіне үнді тарапына тиісті көмек көрсетуді тапсырды.
2020 жылы Үндістан Қазақстанға пандемиямен күресуге көмектесу үшін гидроксохлорохин препаратын жіберген еді.
Қазір Үндістанда COVID-19 індетінің қатты өршуіне байланысты күрделі жағдай қалыптасқан.