AgroБасты

Бес жылда АӨК-нің 845 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған – ҚР АШМ

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыру үшін ведомствоның жоспарлап отырған шараларын айтты.

Ведомство басшысы министрлік Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеп жатқанын және онда бірқатар әлеуметтік-экономикалық міндеттер қарастырылғанын хабарлады:

  • тұрақты түрде 1 млн ауыл тұрғынының кірісін арттыру;
  • 70 мың отбасылық шаруашылық құру; 
  • Ауыл шаруашылығы саласында 500 мыңға дейінгі адамды жұмыспен қамту;
  • 350 мың фермерлік және үй шаруашылығын тарта отырып, 7 экожүйе құру.

Осы міндеттерді орындау үшін ауылда жаңа инвестициялық жобалар іске асырылатын болады. Олар тұрақты жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік береді.

«Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жылда еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, сондай-ақ қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету үшін салаға 4,5 трлн теңгеден астам қаржы тарту жоспарлануда. Атап айтқанда, 5 жылда 4,5 трлн теңгеге 845 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобалар өңір әкімдіктерімен және инвесторлармен пысықталып, тиісті жол карталарына қол қойылды. Бұл жобалар Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйені құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес іске асырылатын болады», – деді С.Омаров.

Министрдің айтуынша, ауылды қолдаудың қосымша шарасы ретінде алдағы 5 жылда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 250 млрд теңгенің 50 мың шағын несиесін беру жоспарланды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін етті мал шаруашылығын дамытатын 2500 шаруашылыққа 175 млрд теңге жеңілдетілген несие беріледі. Қой шаруашылығында «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 11 мыңнан астам шаруашылыққа 117,2 млрд теңгенің несиесін беру жоспарлануда. «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жыл сайын көктемгі егін егу және күздегі егін жинау жұмыстарына 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінеді.

Министр Агроөнеркәсіп кешенін дамыту – көбінесе ауылдық аумақтарды қолдау, ауылдағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бағдарламаларының табысты іске асырылуына байланысты екенін атап өтті. Үкімет ауылдық елді мекендерде тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша нақты шаралар қабылдауда.

«Биыл ауылда тұрғын үй салудың жаңа механизмін енгізу жоспарланып отыр. Онда ауыл қызметкерлері үшін тұрғын үй салған жұмыс беруші шығындарының 50%-ы субсидияланады. Бұл – ауылды жерлерге жас мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Агробизнес өкілдері бұл бастаманы бірнеше рет көтерді және Үкімет оны қолдады», – деп атап өтті министр Сапархан Омаров.

Басқа жаңалықтар

Back to top button