AgroБасты

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтап, қайтарып алу үшін соңғы 5 жылда не істелді?

2015 жылдан бері пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне мемлекеттік бақылауды әкімдіктер жүргізді.

2016-2020 жылдар аралығында республика бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 15,4 млн гектарды құрады.

Олардың 5,4 млн гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайта тартылды, 5,6 млн гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды, ал 4,4 млн гектарды сот органдары арқылы қайтарып алу жұмыстары жүргізілуде.

Жерді пайдалануға мемлекеттік бақылауды күшейту үшін Үкімет жерді космомониторингтеу мәселелері бойынша Жер кодексіне өзгерістер енгізді.

2020 жылдың қаңтар айынан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ауыл шаруашылығы жерлеріне космомониторинг жасау пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл аймақтар кездейсоқ таңдалған жоқ. Оларда жер пайдалану саласына  қатысты шағым көп.

2020 жылдың желтоқсанында сынақ жобасы аяқталды. Оның қорытындысы бойынша 8,3 млн га жер (7,6 млн га жайылым және 0,7 млн га егістік) анықталды.

Оның 2,6 млн гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды, 2,2 млн га жер ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосылды, 3,5 млн гектар жерге қатысты жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеп жатыр.

Нәтижелердің табысты болуына байланысты 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап республиканың барлық аумағында космомониторингті іске қосу туралы шешім қабылданды.

Бұдан бөлек, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономикалық тұрғыда мәжбүрлеу үшін 2020 жылдың желтоқсан айында Салық кодексіне пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің салық ставкасын 10-нан 20 есеге дейін еселеп арттыруды көздейтін түзетулер енгізіліп, қабылданды.

Сондай-ақ, жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша заң жобасы әзірленді, онда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен қайтарып алу мерзімдерін 3 жылдан 1 жылға дейін қысқарту көзделген.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша заң жобасын әзірлеп, Парламент Мәжілісіне жолдады.

Заң жобасының мақсаты – жер учаскелерін беру рәсімдерін біріздендіру, өтінімдерді қарау мерзімдері мен барысын бақылау, қағазсыз қызмет көрсету және жер учаскесін бөлуді мемлекеттік органдармен және монополист ұйымдармен электронды форматта келісу.

Басқа жаңалықтар

Back to top button