Алматы облысының тұрғындары Талдықорған қаласында өткен қоғамдық тыңдауда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на жеңіл автокөлік иелері үшін Қазақстан Республикасының барлық аумағында ақылы жолдарды пайдалануға жылдық лимитсіз абонемент қызметін іске қосуды ұсынды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Талдықорған қаласында «Қапшағай-Талдықорған» автомобиль жолының учаскесінде ақылы жүйені енгізу мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өткізді. Бұған дейін мұндай іс-шаралар Қапшағай қаласы мен Кербұлақ ауданында өткен болатын. Жақын арада тыңдаулар Алматы облысының Көксу және Ескелді аудандарында да өтеді.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес өңірде «Алматы-Қапшағай» ақылы автобанының жалғасы болатын «Қапшағай-Талдықорған» ақылы автожолын іске қосу жоспарлануда.
Тұрғындармен кездесуде «ҚазАвтоЖол» өкілдері ақылы автомобиль жолдарының басты артықшылықтарын атап өтті. Компания мамандары ақылы жолдарды енгізумен «Қапшағай-Талдықорған» автожолы одан да технологиялық, қауіпсіз және ыңғайлы болатынын атап өтті.
Автожолдарда ақылы жүйені енгізу тәжірибесі әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылады. Ақылы жолдар, әдеттегі тас жолдан айырмашылығы, жол төсемі, жол бойындағы инфрақұрылымның жоғары сапалығымен ерекшеленеді.
Өзін-өзі қаржыландыру қағидатының арқасында жол учаскелерінде қауіпсіздіктің жоғары деңгейін ұстап тұратын: тәулік бойы жол төсемін қоқыстан, кірден және жауын-шашыннан патрульдейді және тазартады, жол жабынының, жарықтандыру жүйелерінің, жол белгілері мен белгілеулерінің ақауларын жедел жөндейді. Төтенше жағдайларда жүргізушілерге көмектесу, қауіпсіздік жүйелерінің жұмысын бақылау және жүргізушілерді хабардар ету, сондай-ақ жолдағы жағдайды бақылау жеке сервистік қызметтерін ұстауға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, барлық ақылы учаскелерде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа құралдары белсенді енгізілуде: жүргізушілерге түнгі уақытта көмектесетін арнайы белгілер, жарық шағылыстырғыштар және катафоттар, жауапты учаскелерде жарықтандыру және үй жануарларынан қорғайтын қоршау жүйелері, жол қозғалысына қатысушылардың трафигі мен жылдамдығын мониторингтеудің смарт-жүйелері.
Сондай-ақ, ақылы жолдарда тәулік бойы 1403 қысқа нөмірлі call-орталық жұмыс істейді, оған жүргізушілер ұялы немесе стационарлық телефоннан тегін қоңырау шалып, ақылы автожолдарға қатысты кез келген сұрақтарға жауап ала алады.
Қоғамдық тыңдауларда ақылы жолдарды енгізу жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуды, яғни демалыс орындары, жанар-жағармай құю бекеттері, қонақ үйлер, дәмханалар, супермаркеттер, дәріханалар, жылы дәретханалар және т.б. нысандарды салуды қамтитыны айтылды.
«Қапшағай-Талдықорған» учаскесінде тұрақты төлем бекеттерінің орнына «ашық» төлем жүйесі қолданылады. Жол үстінде басы артық кедергілер мен кептелістер болмайды деген сөз, яғни, қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және сапар уақытын қысқартады.
Жол жүру төлемі қолма-қол ақшасыз тәсілмен, алдын ала төлем бойынша жүргізілетін болады. Бұл да қауіпсіздік саясатының бір бөлігі, өйткені жүргізушілерге көлікті басқарудан алшақтаудың қажеті болмайды. Төлеу үшін автокөліктің мемлекеттік нөмірін теру арқылы шотты толтырудың 20-дан астам түрі бар. Бұдан басқа, пайдаланушыларға RFID-белгілерді пайдалануға шарт жасасу ұсынылады.
Жол бойында орналасқан елді-мекен тұрғындарының мүдделері мен құқықтары да ескерілді. Оларға жылдық абонемент бойынша жеңілдікпен жол жүру ұсынылады. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ақыдан босату жоспарлануда.
Пайдаланушылардың ыңғайлығы үшін ұлттық компания «QAJ Mobile» мобильді қосымшасын әзірледі. Оның көмегімен жүргізушілер өз балансындағы сомманы біліп, қызықтырған сұрақтарын қоя алады. Сонымен қатар А нүктесінен Б нүктесіне дейін маршрут құру (қашықтық және құны), автожолдар бойындағы барлық жол бойындағы сервистер көрсетілген интерактивті карта және PUSH-хабарлама енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Алматы облысы елді мекендерінің тұрғындары ақылы жүйені енгізу мәселесін талқылау барысында бірқатар ескертулер мен идеяларды айтты. Атап айтқанда, жеңіл автомобиль иелері үшін жаңа қызметті – Қазақстан Республикасының барлық аумағында ақылы жолдарды пайдалануға жылдық лимитсіз абонементті іске қосу және оған қолайлы баға бекіту ұсынылды.
Сондай-ақ, облыс орталығының тұрғындары экономикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, әр облыс үшін жол жүру ақысының сараланған мөлшерлемесін жеке енгізуді ұсынды. Бұл мегаполистер мен аймақ тұрғындарының кірістеріндегі айырмашылыққа байланысты айтылып отыр.
Жол бойындағы және демалыс орындарындағы қоқыстарды жинау сапасының төмендігі, кемпингтер мен жол бойындағы сервис объектілерін пайдалануға берудің басымдығы, ақылы жол өтетін өңірлердің жұртшылығы алдында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы есеп беру тәжірибесін енгізу сияқты мәселелер де көтерілді.
Қапшағай мен Кербұлақ аудандарының тұрғындары «Қапшағай-Талдықорған» учаскесінде жол инфрақұрылымы құрылысындағы кемшіліктерді түзетуді және агроөнеркәсіптік кәсіпорындардың техникалары үшін тегін жол жүру және жергілікті кәсіпкерлер мен халықтың жүк автомобильдері үшін жеңілдікпен жол жүру мүмкіндігін қарауды сұрады.
Ескертулер мен ұсыныстар тиісті шешімдер қабылдау үшін ұлттық компания басшылығына жолданады.