ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «GrandFish» ЖШС-на барды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.
Балық шаруашылығы келісімшарт негізінде Өскемен су қоймасы аумағында жұмыс істейді. 2017 жылы құрылған кәсіпорын бақтақ (форель) өсірумен айналысып жатыр. 2021 жылдан бастап өз базасында инкубациялық цехы іске қосылмақ.
«Қазір кәсіпорында 20 адам жұмыс істейді. Келер жылы көктемнен цех ашылуына байланысты 30 адамға дейін көбейеді. Жоба қуаты – жылына 1200 тонна тауарлы балық өндіруге жетеді. Бұл көрсеткішке 2030 жылға қарай жетеміз деп отырмыз. Бақтақтан да басқа балықтар өсіру жоспарда бар», – деді шаруашылық басшысы Александр Соболевский.
2019 жылы шаруашылық ішкі нарыққа 34 тонна бақтақ сатқан. Ресейге экспорт жасау да жоспарда бар.
Министр Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Даниал Ахметов шаруашылық базасында балық жем зауытын салуға қолдау көрсетуге келісті.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан. 2019 жылы еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 66 мың тоннаны құрады. Қазақстандағы су ресурстары 600 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспортты 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Сол себепті қазір Экология министрлігі шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар Заңдарға өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолдарын қарастырып жатыр.