Қазақстан мен Беларусь арасында СІМ-аралық консультациялар өтті
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2020-2021 жылдарға арналған Ынтымақтастық жоспарына сәйкес, екі ведомствоның Сыртқы саяси талдау және болжамдау департаменті (ССТБД) мен Бас ақпараттық-талдау басқармасы басшылары арасында консультациялар өтті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.
Тараптар коронавирустық пандемия жағдайындағы халықаралық қатынастардың өзекті мәселелерін, сондай-ақ жаңа геосаяси және геоэкономикалық жағдайларды талқылады. ЕАЭО, ТМД және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде Қазақстан мен Беларусь қатысатын интеграциялық бірлестіктерді дамытудың проблемалары мен перспективалары жөнінде пікір алмасылды. Сонымен қатар, екі мемлекеттің сыртқы саясатындағы өзекті басымдықтар атап өтілді. Тараптар Еуразиялық макроөңірлерді интеграциялық ұштастыру, оның ішінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үш диалог – 3 Д» геосаяси тұжырымдамасының маңыздылығын атап өтті.
Консультацияларға қатысушылар күн тәртібіндегі талқыланатын мәселелердің өзектілігін және осындай кездесулерді өткізудің пайдалылығын атап кетті. Қазақстан мен Беларусь елдерінің сыртқы саясат саласындағы аналитикалық институттары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері сөз етілді.
Екі сыртқы саяси ведомство арасындағы ынтымақтастық жоспарына сәйкес тараптар санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың дамуын ескере отырып, келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында сыртқы саяси талдау мәселелері бойынша Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар өткізу мүмкіндігін қарастыруға келісті.
2020 жылдың 22 желтоқсан күні ТМД-ның Атқарушы комитетінде ССТБД директоры Ерлан Шәмішев бастаған қазақстандық делегация «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрліктерінің сыртқы саяси жоспарлауы туралы» тақырыбында ТМД-ға қатысушы елдердің сыртқы саяси ведомстволарының консультацияларына қатысты.
Аталған консультациялар барысында халықаралық жағдай және оның Достастық елдеріндегі процестерге әсері жөнінде пікір алмасылды. Күн тәртібіне сәйкес қатысушылар сыртқы саяси жоспарлау саласындағы СІМ-аралық консультациялардың алдағы басым бағыттары бойынша мәселелерді талқылады.
Қорытындылай келе, қатысушылар ТМД-ға қатысушы елдердің СІМ-аралық консультацияларының күн тәртібіне қызығушылық тудыратын тақырыптар бойынша өз ұсыныстарын енгізді.