2005 жылғы желтоқсанда Қазақстанда «KazSat» байланыс мониторингі жүйесі және ғарыш аппараттарын жерүсті басқару кешені болып табылатын «Ақкөл» бірінші қазақстандық ғарыштық байланыс орталығы іске қосылды.«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев орталық қызметкерлерін 15 жылдығымен құттықтап, естелік марапаттарын табыстады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.
15 жыл бойы ғарыштық байланыс орталығының қызметкерлері телекоммуникациялық спутниктердің техникалық сипаттамаларын бақылауды, басқаруды және қолдауды, сондай-ақ «KazSat» сериялы ғарыш аппараттарының мониторинг жүргізуін жүзеге асыруда.
2018 жылдан бастап Қазақстанның ғарыштық байланыс кәсіпорны спутниктік байланыс операторларына спутниктік сигналды жалға беру арқылы ақпараттық технологиялар мен телекоммуникация қызметтерінің нарығын 100% қамтамасыз етеді.
«Kazsat» байланыс спутниктерінің қызметтерін еліміздің аумағында орналасқан 13 мыңнан астам байланыс спутниктерінің жер станциялары бар 15 негізгі қазақстандық байланыс және хабар тарату операторлары пайдаланады.
«Қазіргі уақытта біздің алдымызда халықаралық деңгейге шығу және жақын көршілерімізге өнім экспортын қамтамасыз ету міндеті тұр. Осы тұрғыда Қырғызстанмен ынтымақтастықтың бастамасы бар. Сондай-ақ, Өзбекстан мен Тәжікстанның спутниктік байланыс операторларымен жаңа жұмыстарды күтеміз», – деді «РҒБО» АҚ Басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев.
Орталық іске қосылған сәттен бастап екі рет жаңартылып, техникалық жағынан жарақтандырылды. «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығы Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) спутниктік радиобақылау станцияларының бірыңғай тізіліміне енгізілді. ITU – Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі. Оның аясында үкіметтер мен жеке сектор жаһандық желілерін, электр байланысы қызметтерін үйлестіреді.
2011 жылдан бастап 2019 жылға дейін ғарыштық байланыс жүйесін пайдаланудан түскен жалпы табыс 29 млрд теңгеден астам соманы құрайды. Мемлекеттік бюджетке 6 млрд теңгеден астам жалпы салық аударылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша РҒБО миллиард теңгеге жуық таза пайда алып, мемлекеттік қазынаға аударылды.
Орталық қызметкерлері тәулік бойы «Kazsat-2» және «KazSat-З» спутниктерінің байланыс және хабар тарату жүйелерін басқаруда.