Сенатта мемлекеттің халықаралық-құқықтық базасын жетілдіру мәселелері талқыланды
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Палата төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалық етуімен «ҚР сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы: халықаралық-құқықтық базаны имплементациялау» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде халықаралық міндеттемелерді іске асыру және жалпыға бірдей мойындалған ережелер мен стандарттарды Қазақстанның құқықтық жүйесіне енгізу мәселелері қаралды.
Халықаралық міндеттемелерді заң шығару процесімен және құқық қолдану практикасымен үйлестіру жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.
«Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау қазіргі заманғы халықаралық қатынастарға тығыз байланысты болғандықтын биылғы наурыз айында қабылданған Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында халықаралық-құқықтық нормаларды имплементациялаудың маңызы арта түсіп отыр. Тұжырымдама мақсатының бірі – Қазақстан азаматтарының іс жүзіндегі мүдделерін мемлекеттің сыртқы саясатының алдыңғы шебіне көтеру болып табылады, ал сыртқы саясатты дамытудың құжатта көрсетілген мазмұны «адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы сындарлы және тең құқықты ынтымақтастықты нығайтуды» қамтиды», – деді Асқар Шәкіров.
Адамзат тап болып отырған қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен осыған байланысты халықаралық-құқықтық тетіктерді жетілдіру қажеттігі талқылау нысанасына айналды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект – XXI ғасырдың басты технологиясы» халықаралық онлайн конференциясы барысында болашақта жасанды интеллект технологияларын адам мен оның құқықтарына зиян келтірмеу туралы меморандум жасау мүмкіндігін жоққа шығармады. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа дәуірдің табысты болуы біз жаңа технологияға енгізетін адамгершілік деңгейіне байланысты болады.
Төраға орынбасары бұл тұрғыда азаматтардың өз құқықтары туралы білімін және олардың жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтау мәдениетін арттыру ерекше маңызға ие болатынын атап өтті.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді кездесудің күн тәртібіне сәйкес атқарылған істердің ағымдағы жай-күйі туралы хабардар етті. Мәселен, халықаралық шарттардың мемлекеттік тізілімінде 4093 халықаралық шарт тіркелген болса, олардың 3000-ға жуығы қолданыста болып отыр. Қазіргі уақытта оларды орындалуы жөнінде жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді.
Министр сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының жаңа редакциясын іске асыруға бағытталған халықаралық шарттарды реттеу саласындағы түзетулері бар заң жобасы Парламентке жіберілгені туралы хабардар етті. Қазақстан Республикасының заңдарынан ратификацияланған халықаралық шарттардың басымдығы, халықаралық шарттар мәртебесіндегі өзгерістер туралы жұртшылықты хабардар ету, сондай-ақ халықаралық шарттарды тоқтату тәртібі туралы ережелер салалық заңға енгізілетін болады.
Дөңгелек үстел барысында құқық қорғау жөніндегі заңнаманы жетілдіру, оны халықаралық құқықтағы жалпыға танылған қағидаттары мен ережелерге сәйкестендіру, атап айтқанда, біздің еліміздің Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің факультативтік хаттамаларына және Бала құқықтары туралы конвенцияға қосылу мәселелері қаралды.
Сенаторлар көтерілген мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, заң жобаларын ратификациялауға дайындау және енгізу кезіндегі іс-қимылдарды жан-жақты үйлестіру қажеттігіне мемлекеттік органдар өкілдерінің назарын аударды.
Комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед дөңгелек үстелді қорытындылай келіп, халықаралық шарттарды жасау және орындау барысында шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда еліміздің ұлттық мүдделерін ескеру басымдыққа ие екенін атап өтті.
Кездесу мүдделі мемлекеттік органдар басшыларының, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, халықаралық құқық саласындағы сарапшылардың және Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының қатысуымен өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет атына ұсынымдар қабылданды.