AgroБасты

Сарыағашта жылына 6 млн көшет өндіретін кәсіпорын бар

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылдық округіндегі «Agro Tur» шаруа қожалығы 1 гектар жылыжайда ерте көктемгі дақылдардың көшеттерін дайындаумен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, мұнда көшет түрлері мен санына шектеу жоқ. Яғни, жылына 5-6 млн түп көшет өндіруге қауқарлы. Жобаның құны – 280 млн теңгені құрайды. Мұндағы барлық құрал-жабдықтар Түркиядан әкелінген. Қожалық иесі Тұрсын Тасқожаев түрік әріптестерімен келісімшартқа отырып, осы бір ауқымды жобаны іске асыруда.

Бір айта кетерлігі, мұндағы көшет егу, өсіру, күтіп-баптау, суару секілді жұмыстың барлығы компьютерленген. Кәсіпорын бүгінге дейін 2 млн түп көшет түрлерін өсіріп, саудалап үлгеріпті.

«Біздің жылыжайымыз соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сондықтан мүмкіндіктеріміз де орасан. Бір мезетте бірнеше түп көшетті өсіруге тапсырыс ала аламыз. Қазіргі таңда біз Шымкент қаласы мен Түркістан облысының бірқатар аудандарының шаруаларынан тапсырыс алып, толық орындап бердік. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық облыс, қалаларынан да тапсырыс алуды жоспарлап отырмыз», – дейді қожалық төрағасы.
Түркиялық маман Нихат Ергуннің осында жүргеніне 6 ай болыпты. Ол осындағы жергілікті мамандарға жылыжайдың қыр-сырын үйретуде. Түркиялық маман Сарыағаш өңірінің климаты кез келген жылыжай түрін орналастырып, көкөністің барлық түрін отырғызуға қолайлы екенін айтады. Алдағы бір-екі жылда 1 гектар көшет жылыжайының тапсырыс орындау қабілеті 8-9 млн түп көшетке дейін ұлғаюы мүмкін. Ол үшін еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыстар көптеп қабылдануы тиіс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button