Облыста «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 46,1 млрд.теңгеге 250-ден астам жоба мақұлданды. Бұл жобалар келешекте өңір халқының мұқтаждықтарын қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастырады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен «Қарапайым заттар экономикасы» атты мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Елбасы атап өткендей, бұл бағдарлама импортқа тәуелділікті азайтып, отандық кәсіпкерлерге ел ішіндегі күнделікті тұтынымдағы тауарлар өндірісін ұлғайтуға барынша қолайлы жағдай жасау үшін қажет.
Мақұлданған жобалардың ішінен ШҚО-да екінші деңгейлі банктер желісі бойынша 58, аграрлық несие корпорациясы арқылы 5,4 млрд.теңге сомасына 197 жоба өтті.
– Жеңілдікпен несие алатын «Қарапайым заттар экономикасы» жобаларының әбірін егжей-тегжейлі пысықтау қажет. Баса назарды аграрлық секторға аударуды сұраймын. Сондықтан, облыстың кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармаларына соңғы бес жылдағы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында кепілденген және субсидияланған жобалардың саны туралы толық есеп дайындауды тапсырамын, – деді Даниал Ахметов.
Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде банктер мақұлдаған бастамалар ішінде бидай және қара бидай ұнын, түрлі май дақылдарын, құс өнімдерін өндіруге бағытталған және басқа да ірі жобалар бар.