Елордада студенттер жатақханаларына мониторинг жүргізілді
«Жас Отан» жастар қанатының елордалық филиалы «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің арнайы мониторинг тобының мүшелерімен бірлесіп, жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттер жатақханаларына мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Мониторинг барысында үй-жайлардың санитарлық талаптарға, қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігі, тұрмыстық техникамен және жиһазбен жабдықталу деңгейі бағаланды.
«Қаңтарда біз кейбір жатақханаларда мониторинг жүргіздік. Сол кезде айтылған ескертулер жойылған. Кейбір бөлмелерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, жатақханалардың жағдайы жаман емес. Алайда бірқатар мекемелерде студенттер үшін толыққанды демалыс бөлмелері жоқ, коворкинг аймақтары қажет. Кей жерлерде ас үй мен кір жуатын орын бөлек емес, бұл аймақтар әр түрлі бөлмелерде болғаны дұрыс», – деп атап өтті «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» ЖҚ елордалық филиалының жетекшісі Бақдәулет Жанділдаев.
Айта кету керек, белсенділер Қазақ ұлттық өнер университеті, Астана медицина университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қаз-СУУ, КазУЭФМТ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, КазГЗУ колледжі, Медициналық-техникалық колледжі, Экономика, тамақ өнімдерін өндіру технологиясы және стандарттау колледжі, Қазтұтынуодағының сауда-экономикалық колледжі, Гуманитарлық колледжі, Қаржы академиясы, Тұран-Астана университеті, Қазақ ұлттық хореография академиясы, Еуразия гуманитарлық институты, Қазақ технология және бизнес университеті, Назарбаев Университеті және Astana IT University жатақханаларына барды.
Жалпы, жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметі бойынша қалада 30-дан астам колледж, 16 университет және 40 жатақхана бар.