2011 жылы 19 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 66/170 қарарын қабылдап, қыздардың құқықтарын мойындау, олардың бүкіл әлемде кездесетін ерекше қиындықтарын атап көрсету, қыздардың жалпы адами құқықтарын сақтау, соның ішінде – тең білім алу және физикалық тәуелсіздікке қол жеткізуді жүзеге асыруды насихаттау мақсатында қазанның 11 жұлдызын Халықаралық қыздар күні деп жариялады.
Осыдан 25 жыл бұрын Бейжіңдегі Әйелдер құқығы жөніндегі төртінші дүниежүзілік конференцияда жаһандық қоғамдастық әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейтудің ең көреген жоспарын – Бейжің декларациясы мен Іс-қимыл тұғырнамасын қабылдады. Осылайша қазіргі уақытта қыздар өздерінің бейбіт және гүлденген болашағын құру үшін осы жоспарды ұстанып, әрекет ете алады. Бейжің декларациясын еске алу үшін «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы бірнеше ұрпақтар толқынын қамтитын «Теңдік буыны» науқаны аясында әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғаушыларды біріктіреді. Жасөспірім қыздардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне байланысты нақты мақсаттар мен іс-шаралар және олардың шешімдері ұрпақтар теңдігін қамтамасыз ету миссиясының басты бағыты болып табылады.
Қыздар үй ішінде және қоғамда зорлық-зомбылықсыз өмір сүруді талап етеді. Ондай жағдайды қамтамасыз ету – барлығымыздың міндетіміз. 2015 жылғы Қазақстандағы кластерлік зерттеу мәліметтері бойынша, қыздардың 50% зорлықты тәрбиеге душар болуда. Оның ішінде 21% – дене зорлығы, 45% психологиялық агрессияға ұшырайды.
Сонымен қатар COVID-19 қыздарға ақпарат пен білімге тең қол жеткізу үшін жаңа кедергі – цифрлық алшақтықты тудырды. Қыздар жылдам өзгермелі еңбек нарығы жағдайында бәсекелес болу үшін білім мен кәсіби дағдылардың үлкен теңсіздігіне тап болады. Гендерлік рөлдер мен стереотиптер – бала шақтан басталып, жасөспірім кезде қалыптасып, болашақта таңдайтын кәсіп түріне әсер ететін үйреншікті мінез-құлық үлгісі. Дүниежүзінде ғылым, технология, инженерия және математика салалары (STEM) бойынша оқыған түлектер арасында әйелдердің үлесі әлем елдерінің үштен екісінен астамында 15%-тен аспайды. Гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін әйелдер мен жас қыздарға білімге, технологияға, цифрлық оқытуға және ақпараттық қауіпсіздікке тең қолжетімділік қажет.
Жаңа дағдыларға ие қыздардың мүмкіндіктерін дамыту экономикалық даму үшін өте маңызды. Қазақстандағы қыздар арасында STEM саласындағы білім мен инновацияларды дамыту мақсатында 2020 жылы ЮНИСЕФ пен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-технологиялық паркі қыздарға UniSat наноспутниктерін жасап шығару бойынша білім беру жобасын іске қосты. Ағымдағы жылдың қазан айында Қазақстанның әр аймағынан келген 14 пен 35 жас аралығындағы 20 қыз стратосфераға алғашқы дайын наноспутникті ұшырады. Бұл шара нанотехнология, бағдарлама жасау және ғарыш аппараттарын жобалау саласы Қазақстанның қыздары үшін ашық екенін дәлелдейді. Сонымен қатар қазақстандық жастардың індет кезіндегі оқшаулануды жеңуіне көмектесіп, денсаулыққа эмоционалды қолдау көрсеткен, күйзелістермен күресуге қол ұшын созып, құрдастарымен кеңес бөліскен БҰҰ еріктілерінің көпшілігін қыздар құрайды.
Мәдени шаралар мен шығармашылық арқылы қыздарға мүмкіндік беру – 2005 жылғы ЮНЕСКО-ның мәдени саланың әртүрлілігін қорғау және қолдау туралы конвенциясының негізі. Осыған орай, ЮНЕСКО қыздардың белгілі бір шығармашылық кәсіби салалардағы білімін кеңейту және жетілдіру мақсатында бүкіл Орталық Азия елдерінің ерекше қажеттіліктері бар қыздарына арналған #GirlsCreArt2020 онлайн курсын бастады.
Бүгінгі таңда ЮНФПА гендерлік мәселелер, репродуктивті денсаулық және әрбір қыз бен әйелдің құқығы туралы хабардар болуға бағытталған «Қыз тағдыры» жобасын әнші, қоғам белсендісі Қалия және The Steppe порталымен бірге ұсынды. Бұл жоба гендерлік теңдік әлемін құрудың кезекті әрекеті ретінде жасалды. Онда әрбір қыз өзінің денсаулығы мен өмірі туралы саналы таңдау жасауға құқылы.
Декреккөз: ҚазАқпарат