Alibaba интернет сауда дүкенінде қазақстандық компаниялардың саны арта түспек. Осыған байланысты өтініштерді іріктеу басталды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Министрлік «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп, 7-8 қазан күндері өз тауарларын Alibaba.com интернет-платформасында ұсынғысы келетін отандық компаниялар үшін екі оқыту вебинарын өткізеді.
Ведомство жаңадан бастаған және тәжірибелі кәсіпкерлерге интернет-дүкендерінде отандық тауарларды ілгерілетуге байланысты белсенді қолдау көрсетіп келеді. Вебинарлар аясында қазақстандық өндірушілерге Alibaba алаңында тауарларды әлемдік нарыққа тиімді экспорттаудың жолдары көрсетілмек. Электронды коммерцияның артықшылығы – қашықтағы елдерді жақындатып, трансшекаралық сауда процесінің арзан болуына септігі мол.
Сондай-ақ оқыту курсында 50 қазақстандық компанияны Alibaba-ға шығаруға қатысты бағдарламаның екінші кезеңі басталғаны туралы айтылды. Бірінші кезеңде ескерсек, аталған сауда алаңындағы компаниялардың санын тұтастай 100-ге жеткізу көзделіп отыр. Вебинарға 150-ден астам фирма қатысып жатыр.
Отандық компаниялардың өсуіне байланысты танымал ғаламтор дүкенінде Қазақстан павильоны құрылады деп жеткізді ведомство өкілдері.
Қазақстандағы бағдарламаның операторы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ. Өтініштерді онлайн-қабылдау export.gov.kz порталында 17 қазанға дейін жүргізіледі.
Тамыз айында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанның 43 компаниясы Alibaba-да 20 млн теңгеге сауда жасап, 500 өнім түріне сұраныс алғанын айтқан еді. Ол «Алтын тасымалдаушы» мәртебесін иелену үшін бұл нарыққа 100 компанияны шығару керек екенін жеткізді.
«Әзірге сатылып жатқан өнім көлемі аз. Бұл көбінесе халық жиі тұтынатын тауарлар», деді Б.Сұлтанов.
Салалық министрлік Alibaba, eBay сынды халықаралық электронды сауда алаңдарында қазақстандық тауар өндірушілердің санын көбейту үшін 2019 жылы «интернет-экспорттаушы мектебі» бағдарламасын іске қосты.
Alibaba – әлемдік интернет-сауданың көшбасшысы саналады. 2019 жылдың қорытындысына сәйкес, табысы 570 млрд долларға жеткен қытайлық сауда алаңы, дүние жүзіндегі импорттаушылар мен экспорттаушыларға бизнес ақпаратпен алмасуға және көтерме сауда келісімшарттарын жасауға мүмкіндік береді.