Басты

Мектептерге компьютер алуға жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлінді

Маңғыстауда мектептердегі компьютерлік құрылғылар оқушыларға уақытша пайдалануға берілетін болады. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді,-деп хабарлайды Jana-kezen.kz

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығына байланысты биыл барлық мектептер қашықтан оқытылады. Бұл ретте тұрмысы төмен отбасылардың оқушыларын компьютерлік құрылғылармен қамту шаралары қарастырылғандығын айта кету керек. Осы мақсатта мектептердегі компьютерлік құрылғылар оқушыларға уақытша пайдалануға беріледі. Оған жергілікті бюджеттен 1,2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, 6700-ге жуық компьютерлік құрылғыларды сатып алу процесі жүріп жатыр.

«Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға меценаттар және кәсіпкерлердің қолдаумен компьютерлер мен ноутбуктар сатып алынатын болады. Қашықтан оқыту барлық мектептерде mektep.edu.kz электронды журналы ақпараттық жүйесіндегі www.ok.edus.kz платформасында жалғасады. Платформада күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар мен үй тапсырмалары, оқушымен кері байланыс, сынып жетекшілерінің сыныппен жұмыс жасау функционалы іске қосылды.

Сонымен қоса барлық мектептер цифрлық білім беру ресурстарын қолданады. Қашықтықтан оқытуды үйлестіру мақсатында республикалық біліктілікті арттыру орталықтары арқылы барлық мектеп мұғалімдері онлайн курстардан өтеді»,-дейді Асқар Сейдалиев.

Сондай-ақ, қашықтан оқытуды сапалы жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдар өңірдегі байланыс операторларымен интернет жылдамдығы әлсіз шалғай елді мекендерге интернет жүргізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button