Social

Астанада 100-ден астам жаңа өндіріс орнын ашу жоспарланып отыр

Астанада өнеркәсіп өндірісінің көлемі артып, жаңа кәсіпорындар ашылып, ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. 2026 жылдың тоғыз айында елордалық кәсіпорындар 3,1 триллион теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайызға көп, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елорда өнеркәсібінің негізгі үлесі өңдеу секторына тиесілі – 94,9 пайыз. Басты бағыттар қатарында металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндірісі бар.

Елорданың ірі өнеркәсіп алаңдарының бірі – №1 Индустриялық парк. Мұнда 145 жоба іске асырылып жатыр. Оның 103-і жұмыс істеп тұр, тағы 42-сі – іске асырылу кезеңінде. 30-дан астам өндіріс орны шетелдік инвестиция тарту арқылы құрылып жатыр.

Қазірдің өзінде елордадағы арнайы экономикалық аймақтарда орналасқан кәсіпорындар 7 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жаңа жобалар аясында тағы 2,5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Астанада №2 Индустриялық паркті дамыту жобасы жүріп жатыр. 2029 жылға дейін мұнда 100-ден астам өндіріс орнын орналастыру көзделген. Нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.

Шағын және орта бизнесті дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Елордада үш шағын өнеркәсіптік аймақ жобасы жүзеге асырылған. Кәсіпкерлерге жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асатын өндірістік және қойма ғимараттары берілген.

Бұдан бөлек, Байқоңыр ауданының Өндіріс тұрғын алабында ауданы 87,8 гектар болатын Агроөнеркәсіптік аймақ құру жоспарланып отыр. Мұнда тамақ өнеркәсібі саласында 20-дан астам жобаны жүзеге асыру көзделген.

Жаңа өнеркәсіп алаңдарын дамыту Астанада өндіріс көлемін арттыруға, қосымша инвестиция тартуға және мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button