Study in Kazakhstan: Қарағанды техникалық университетінде 16 елдің студенттері білім алып жатыр

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде шетелдік білім алушыларға арналған International Students Welcome Day өтті. Іс-шара Study in Kazakhstan бастамасы аясында шетелдік студенттерді Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне тарту, олардың оқу үдерісіне бейімделуіне қолдау көрсету және университет мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Бүгінде университетте 2026-2027 оқу жылында 16 елден келген 272 шетелдік азамат білім алады. Оның 242-сі негізгі білім беру бағдарламаларында, 30-ы биыл алғаш рет іске қосылған дайындық бөлімінде оқып жатыр. Осы оқу жылында университетке 172 шетелдік азамат қабылданды. Оның 142-сі бакалавриаттың бірінші курсына, 30-ы дайындық бөліміне қабылданған. Бірінші курс студенттері 13 мемлекеттің өкілдері болса, 2-4-курстарда 12 елден келген 100 шетелдік студент білім алуды жалғастырмақ.
Шетелдік білім алушылардың арасында Ресей, Түрікменстан және Өзбекстан азаматтары басым. Сонымен қатар университетте Әзербайжан, Германия, Қытай, Украина, Қырғызстан, Палестина, Армения, Ауғанстан, Тәжікстан, Индонезия, Бангладеш, Моңғолия және Беларусь азаматтары білім алады.
Шетелдік талапкерлерді тарту бағытындағы жұмыстар Study in Kazakhstan бастамасы аясында жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы оқу жылында университет өкілдері Үндістан, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстанға барып, әлеуетті талапкерлермен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында инженерлік-техникалық бағыттағы білім беру бағдарламалары, қабылдау талаптары және Қазақстанда білім алу мүмкіндіктері таныстырылды.
Сонымен қатар биыл Қазақстан Республикасының шетел азаматтарына арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарламасы аясында университетке 10 шетелдік азамат қабылданды. Оның сегізі бакалавриатта, екеуі магистратурада білім алады.
International Students Welcome Day барысында шетелдік студенттерге университеттің білім беру мүмкіндіктері, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, халықаралық жобалар, цифрлық сервистер, студенттік өмір және білім алушыларға көрсетілетін қолдау шаралары таныстырылды. Университет басшылығы, факультет декандары және шетелдік студенттермен жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшелердің өкілдері білім алушылардың сұрақтарына жауап берді.
Кездесуде шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында болу тәртібі мен көші-қон талаптарын сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Сондай-ақ SafeTravel.kz жобасы аясында шетелдік студенттерге тегін SIM-карталар табысталды.
Іс-шара шетелдік білім алушылардың Қазақстандағы оқу және тұрмыс жағдайларына бейімделуіне, қажетті ақпаратты тікелей алуға және университет қауымдастығына белсенді араласуына мүмкіндік берді.



