
Алматы қаласы
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында бейнебайланыс режимі арқылы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша өнеркәсіп паркі құрылысын бастауға рұқсат берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Жобаны әлемдегі биологиялық ашыту саласы көшбасшыларының бірі – қытайлық Fufeng Group компаниясы іске асырады. Өндірістік кешенді инвестициялаудың алғашқы кезеңіне 350 миллион доллар жұмсалды. Кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңдей алады.
Екінші кезеңде кәсіпорынның жүгері өңдеу қуатын жылына 3 миллион тоннаға дейін ұлғайту және шығарылатын өнім түрлерін арттыру қарастырылған. Бұл кезеңдегі инвестицияның жалпы көлемі 1,15 миллиард долларды құрайды. Өнеркәсіп паркін құру 1,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға және елімізде бидайды терең өңдеу бойынша толық өндірістік циклді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді ілгерілетуге, Қытаймен өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ отандық агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін нығайтуға септігін тигізеді.








