Education

Қазақстандық және британдық ғалымдар білім беру саласындағы бірлескен зерттеулерді дамытады

Ұлыбританиядағы Сассекс университетінің ғалымдары Марғұлан университетінде бірлескен жұмыстар жүргізіп жатыр. Павлодарда шетелдік сарапшылар бір апта бойы университеттің оқытушылары мен ғалымдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп, педагогтерді даярлау, сондай-ақ білім беру үдерісінде жасанды интеллектіні қолданудың жаңа тәсілдерін талқылайды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Аталған жұмыс «Қазақстанның дарынды балаларын дамытуға арналған педагог кадрларды даярлаудың кешенді ғылыми-инновациялық жүйесін құру» ғылыми-зерттеу бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

Британдық делегация құрамында Сассекс университеті проректорының орынбасары, профессор Саймон Томпсон, Білім беру департаментінің басшысы Кит Перера және бастауыш білім беру саласының ассистент-профессоры Марсело Старикофф бар.

Бірлескен жұмыс барысында білім берудегі көшбасшылық, дарынды білім алушылармен жұмыста жеке тәсілдерді қолдану, сыни және шығармашылық ойлауды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар жасанды интеллектінің білім беру мазмұнына ықпалы және оны оқу үдерісінде қолдануға байланысты педагогтер алдында туындайтын жаңа міндеттер талқыланады.

Шетелдік сарапшылар Марғұлан университетінің Когнитивтік зерттеулер зертханасының қызметімен танысып, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу перспективаларын талқылады. Кездесу барысында ALLECA жобасын іске асыру, зертхананы дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеу және академиялық алмасуды одан әрі кеңейту мәселелері де қарастырылды.

«Британдық әріптестермен ынтымақтастық екі университеттің ғылыми және практикалық тәжірибесін ұштастыруға, зерттеулердің әдіснамалық базасын кеңейтуге және дарынды балалармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін білім беру практикасына енгізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Марғұлан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Алтынбек Нұхұлы.

Ынтымақтастық аясында Сассекс университетінің сарапшылары дарынды балаларды анықтау және олардың әлеуетін дамытуға қолдау көрсету бағытындағы зерттеулерге ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетеді. Бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына сараптамалық консультациялар өткізу, ғылыми зерттеулер жүргізу, әдістемелік материалдар әзірлеу және педагогтердің біліктілігін арттыру кіреді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button