ӘлемБасты

Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне қатысты

Корея Республикасы, Сеул қаласы

Мемлекет басшысы, ең алдымен, қонақжайлық танытып, бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырған Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёңге ризашылығын білдірді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

– Бұл диалогтың тарихы тереңде. Оған осыдан жиырма жыл бұрын корей тарапы бастамашы болған. Бүгінде ықпалдастық форматы жоғары саяси деңгейге көтерілді. Бұл – сан қырлы ынтымақтастығымыз шынайы стратегиялық байланыстар мен өзара сенімге ұласқанын айғақтайтын сәт. Бүгінгі саммитті шын мәнінде тарихи уақиға деп атауға болады. Осы керемет кездесуді ұйымдастыруға Президент Ли Чжэ Мёңнің саяси ерік-жігер танытып, жеке үлес қосқанын айрықша атап өткім келеді. Корея Республикасының Орталық Азия мемлекеттерімен тең дәрежелі әрі ұзақмерзімді серіктестікті жолға қою ниетіне куә болып отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақстандықтар корей халқына, оның бірегей тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне зор құрметпен қарап, ерекше ықылас танытатынын айтты.

– Корея Республикасы қазіргі замандағы ұлттық өрлеудің таңдай қақтырарлық тамаша үлгісін танытты. Білімге, инновацияға және адам капиталына басымдық берудің арқасында сіздер қысқа мерзім ішінде жетекші технологиялық державалардың қатарына қосылдыңыздар. Бұл – дамылсыз еңбектің, темірдей тәртіптің және табандылықтың заңды нәтижесі. Қазақ халқы жетістіктеріңізге шын мәнінде тәнті болып, сүйініп отырады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты пікірін жеткізді. Президент басты бағыт ретінде сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық мәселесін атады.

– Былтыр Орталық Азия мен Кореяның өзара сауда-саттық көлемі алғаш рет 10 миллиард доллардан асты. Өңірдегі тауар айналымының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Сеул еліміздің үздік он сауда серіктесінің қатарына кіреді. Ірі инвесторлардың арасында тоғызыншы орын алады. Кореядан елімізге 12 миллиард доллардан астам инвестиция келді. Қазақстанда корей капиталының үлесі бар мыңнан аса бірлескен кәсіпорын тіркелген. Kia, Hyundai, Doosan, Posco, Samsung, Lotte, Hanwha секілді жетекші компаниялар Қазақстан нарығында ұзақ жылдар бойы табысты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда екіжақты ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Осы сапар аясында жалпы құны шамамен 19 миллиард долларға бағаланған коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Бұл – экономикалық ықпалдастығымыздың қарқыны жоғары екеніне айқын дәлел, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы уақытта да кореялық компанияларға қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді. Инвесторлардың елімізде ұзақ уақыт жүріп-тұруын жеңілдетін «Altyn Visa» бағдарламасы осы мақсатқа қызмет етеді.

– Өнеркәсіп саласында экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге айтарлықтай мүмкіндік бар. Былтыр елімізде іске қосылған KIA Qazaqstan зауыты бұған жарқын мысал бола алады. Кәсіпорын жылына 70 мың автокөлік шығарады. Өндірістің айналасында толыққанды кластер қалыптасып келеді. Кореяның технологиялық қуатын еліміздің өндірістік әлеуетімен ұштастыратын дәл осындай серіктестік үлгісін басқа да салаларда қолдануға болады деп ойлаймын. Бұл ретте Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы өнеркәсіп министрлерінің бірінші кездесуін өткізу идеясын құптаймын. Осы бастаманы одан әрі ілгерілету үшін «Орталық Азия – Корея» өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынамын. Аталған тетік аясында үкіметтеріміз өндіріс локализациясына, технология трансферіне, өңірлік кооперацияны дамытуға және дайын өнімді үшінші елдер нарығына шығаруға ден қоя отырып, бірлескен маңдайалды жобалардың тізімін жасақтай алар еді. Бүгінгі «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-форумы осы үдеріске елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көлік-логистика әлеуетін нығайтуды тағы бір басымдық деп санайды. Мемлекет басшысының пікірінше, жаһандық жеткізу тізбегінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Осы тұста Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды буын ретінде Орталық Азияның рөлі арта түсті.

– Қазақстан өз аумағы арқылы тасымалданатын транзиттік жүк көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға айрықша мән береміз, оны Орта дәліз деп те жиі атайды. Соңғы алты жылда осы көлік дәлізімен тасымалданатын жүк көлемі бес есе ұлғайды. Таяу жылдары бағыттың өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға дейін жеткізуге ниеттіміз. Біздің ойымызша, Орта дәлізді көлік саласындағы TRIPP бастамасымен интеграциялауға болады. Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы арқылы Орталық Азия мультимодальді жолдарымен жүк жеткізетін Кореяның да аталған координаттар жүйесіне қатысы бар. Сондықтан бұл бағыттардың әлеуетін біріктіріп, Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын көлік-логистика тізбегін қалыптастыруға болады деп ойлаймын. Осы орайда, Пусан порты мен Каспий айлағындағы Қазақстан порттары арасындағы тәжірибе мен ақпарат алмасу бағытындағы тығыз ынтымақтастық жаңа мүмкіндікке жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық қауіпсіздіктің маңызына назар аударып, Қазақстан көмірсутегі өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың санатына кіретінін, жыл сайын елімізде 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндірілетінін айтты.

– Осы саладағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге, соның ішінде Кореяға энергия ресурстарын жеткізуді қайта жандандыруға әзірміз. Сонымен қатар геологиялық барлау және жер қойнауындағы жаңа кеніштерді игеру бағытында ықпалдастық аясын кеңейтуге болады. Оң тәжірибе бар. Мысалы, Кореяның KNOC ұлттық компаниясы Қазақстандағы мұнай кен орнын табысты игеріп жатыр. Hyundai Engineering компаниясы консорциум құрамында ірі газ өңдеу зауытының құрылысына қатысуда. Шикізатты терең өңдеу саласының да келешегі зор. Қазақстан мұнай-газ химиясын, соның ішінде полипропилен, полиэтилен өндірісін дамытуды белсенді түрде қолға алды. Кореялық компанияларды қосылған құны жоғары жаңа өндіріс орындарын ашуға шақырамыз. Жаһандық энергетикадағы өзгеріс атом өнеркәсібін ілгерілету мәселесі өзекті екенін көрсетті. Біз KHNP және Doosan Enerbility компанияларымен ядролық технология саласында анағұрлым тығыз ынтымақтастық орнатуға әзірміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еліміз Кореяның сутегі энергетикасын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта бірқатар бірлескен жоба пысықталып жатыр. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы «Жасыл энергетика кешені».

– Таза сутегін өндіруге және қолдануға қатысты пилотты жобаларды іске асыру қажет деп санаймын. Әйтсе де көмір Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігінде маңызын жоймайды. Елімізде 33 миллиард тоннаға жуық көмір қоры бар, ал көмірден алынатын қуат электр энергиясы өндірісінің 60 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Сондықтан «таза көмір» технологиясын енгізуге айрықша басымдық береміз. Корея бизнесін, әсіресе, Doosan, KEPCO E&C және Midland Power компанияларын көмір генерациясын жаңғырту жобаларын бірлесе жүзеге асыруға, сондай-ақ ауаға таралатын зиянды заттарды реттеу технологияларын енгізуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берді.

– Корея Республикасы – жаһандық технология жарысындағы көшбасшылардың бірі. Қазақстан да цифрлық трансформацияға белсенді кірісті. Астанада Аlem.ai халықаралық орталығы ашылды, суперкомпьютерлер іске қосылды, арнаулы жасанды интеллект университеті өз жұмысын бастады. Кореямен бірқатар бірлескен бастама жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Түркістанда Woosong университеті ашылды, Қызылордада SeoulTech университетімен бірге Жасанды интеллект институты құрылды. Алатау қаласында орналасатын KAIST, яғни Корея озық технологиялар институты филиалы өзара серіктестігіміздің серпінді жобасы болуға лайық. Бұл – әлемдегі технология тілін үйрететін жетекші оқу орындарының бірі. Биыл Корея ғылыми-техникалық ақпарат институтымен бірлесе негізі қаланған AI SilkNet предективті аналитика және форсайт орталығы іске қосылады. Менің ойымша, екі елдің ғылыми мекемелері, университеттері мен технологиялық компаниялары осы орталықтың айналысында бір мақсатқа топтасқаны жөн. Қазақстан бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының әлеуетін жұмылдыруға дайын. Сонымен қатар Орталық Азия елдеріне жасанды интеллект саласы мамандарын даярлау үшін Кореямен серіктестік негізінде AI Talent өңірлік бағдарламасын іске қосқан жөн деп санаймын. Бұл өз кезегінде экономикалық өсім мен ғылыми прогреске ықпал ететін жаңа технологиялық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент аса маңызды минералдар саласындағы серіктестікті күшейтуді ұсынды.

– Қазақстанның ресурс базасы айтарлықтай мол. Сирек кездесетін металдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына енеді. Корея стратегиялық санатқа жатқызатын 10 минерал түрінің бәрі де елімізде бар. Қазақстанның ресурс әлеуеті мен Кореяның технологиялық мүмкіндіктерін үйлестіру өзара тиімді ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады. Осы сапар аясында Алматы қаласында Кореяның технологиялық ықпалдастық институтының (KIAT) көмегімен Сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мен мұны құптаймын. Біз толық өндіріс циклын қалыптастыруды мақсат етуіміз керек. Яғни аса маңызды шикізатты зерттеу мен өндіруден бастап, оны терең өңдеу және одан қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға дейінгі тізбек толық қамтылуға тиіс. Қарапайым тілмен айтқанда, жартылай өткізгіштер, микроэлектроника, аккумулятор, электромобиль мен роботты техника бөлшектерін өндіруге көшуіміз керек. Бұл міндетті орындау үшін бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынамыз, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі және аймақтағы экологиялық теңгерімді сақтау мәселесін көтерді.

– Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын жаппай жаңғырту жүріп жатыр. 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салып, 14,5 мың шақырым суландыру арналарын жаңартуды және су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануды жоспарлап отырмыз. Климаттың өзгеруі, су тапшылығы және табиғи экожүйенің тозуы қазірдің өзінде Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсер етіп жатыр. Сондықтан Қазақстан Кореяның біз үшін өте маңызды әрі шетін салаға қатысты озық технологиясы мен жинаған тәжірибесін бөлісу ниетін жоғары бағалайды. Атап айтқанда, Кореяның су үнемдеуге, судың цифрлық есебін жүргізуге арналған технологияларын меңгеруге және заманауи су үнемдеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ортақ бағдарламаны іске қосқан дұрыс деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Сөзін түйіндей келе, Мемлекет басшысы саммитке қатысушы елдердің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуда айтарлықтай табысқа жеткеніне назар аударды.

– Елдеріміздің арасында тарихтан тамыр тартатын бауырластық байланыстар қалыптасқан. Бұл ретте өңірдегі мемлекеттер халқымен біте қайнасып кеткен корё-сарам қауымы айрықша рөл атқарады. Корей диаспорасы Орталық Азия мен Корея арасындағы достыққа дәнекер болып отыр. Қазақстан елімізде пана тауып, өсіп-өнген корей халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтауына ерекше қамқорлық көрсетті. Келесі жылы корейлердің Орталық Азияға жер аударылғанына 90 жыл толады. Осыған орай тарихи уақиғаға арналған іс-шара ұйымдастыруды ұсынамын. Жастардың өзара байланысын, білім және мәдениет саласындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған Central Asia – Korea Future Generation бағдарламасын қабылдау қажет деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар саммите Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button