Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық барысы жөнінде кеңес өткізді

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға баса назар аударылды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі
Кеңесте энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров энергия көздері мен жылу желілерінің дайындығы және отынмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша баяндама жасады. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жылыту маусымына дайындау барысы туралы баяндады. Сондай-ақ Абай облысының әкімі Берік Уәли, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және Ұлытау облысының әкімі Есет Байкеннің баяндамалары тыңдалды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, энергия көздері жылыту маусымын бастау үшін қажетті жабдықтармен және отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда 4 энергоблок, 28 қазандық және 18 турбинаны жөндеу аяқталды, жұмыстар 3 энергоблокта, 26 қазандықта және 21 турбинада жалғасуда. Өңірлік электр желілерінде жоспарланған жұмыс көлемі орындалды, 17,1 мың шақырым электр тарату желілері, 444 қосалқы стансаның 426-сы жылыту маусымының басталуына дайын. Реконструкциялау және күрделі жөндеу жүргізілуі тиіс 377 шақырым жылу желісінің 352 шақырымы аяқталды, бұл – жоспардың 93%-ы. Аталған мақсаттарға 196,8 млрд теңге көзделген, оның ішінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының қаражаты да бар. Науқан қорытындысы бойынша жылу желілерінің тозуы 48%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Жылу көздерін, жылу және электр желілерін дайындау бойынша шұғыл міндеттерді шешу үшін Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге бөлінді. Осы жылы электр стансаларын реконструкциялауға барлығы 384 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылдың деңгейінен 9%-ға жоғары (2025 жылы 348 млрд теңге).
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров энергия көздерінің қоймаларында 4,8 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут жиналғанын, одан бөлек 255 мың тонна «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесі бекітілгенін баяндады. Халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмір жеткізуді әкімдіктердің, көмір өндіруші кәсіпорындардың, операторлардың және ҚТЖ-ның қатысуымен Республикалық штаб үйлестіреді. Алдағы маусымда тұтынушылардың сұранысы 7,3 млн тонна болмақ.
Кеңес барысында Премьер-министрге барлық жоспарға енген білім беру және денсаулық сақтау нысандарында, қазандықтар мен тұрғын үйлерде: атап айтқанда, 10 913 білім беру нысаны, 5 394 медициналық нысан, 14 939 автономды қазандық және 53 610 тұрғын үйде жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының аяқталғаны баяндалды. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов отын қорын жинақтау барысы туралы айтты. Көмір қоры жоспарлы көлемнің 80%-ын, мазут – 88%-ын, дизель отыны – 100%-ын құрайды.
Сондай-ақ жиын барысында өңір әкімдерінің есептері тыңдалды. Абай облысында жалпы құны 14,5 млрд теңге болатын 32 жөндеу жобасы, сондай-ақ энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 15,8 млрд теңгеге 6 жоба жүзеге асырылды. Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірде ұзындығы 53,7 шақырым болатын жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жалғасып жатқанын, бұл олардың тозу деңгейін 52,3%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретінін баяндады. Қазандық жабдықтарын жөндеу жұмыстары 95%-ға аяқталды. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала нысандары мен тұрғын үй қоры жылыту маусымына толық дайын. Барлық жұмысты қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Ақмола облысында төрт блокты-модульді қазандықтың құрылысы аяқталып, 26 қазандықтың 24-і ауыстырылды, 37 шақырым жылу желілері жөнделді, бұл жоспардың 97%-ын құрайды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Степногорск ЖЭО жабдықтарын жөндеу және қалалық жылу магистралін реконструкциялау туралы баяндады, оның учаскесінде қазіргі уақытта 45 маман мен 16 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Облыстың әлеуметтік нысандары мен тұрғын үй қоры толығымен дайындалған.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл ЖЭО-2 жылыту маусымының басында жылу беруді қамтамасыз етуге дайын екенін айтты. Жұмысқа 8 қазандық агрегаты дайындалды. Жөндеу науқаны аясында 6 қазандық пен 6 турбинада жұмыстар аяқталды. Петропавл қаласының жылу магистральдарын дайындауды 20 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда. Облыста жылыту маусымы 28 қыркүйекте басталады.
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына толық дайындығы туралы баяндады. Жезқазған ЖЭО-да 4 қазандық пен 4 турбинаға ағымдағы жөндеу жүргізілді, №11 қазандық күрделі жөндеуден өтті. Сәтбаевтағы №1 жылу стансасы мен ЖЭО-ның басқа жабдықтарын дайындау жалғасуда.
Премьер-министр Олжас Бектенов қалған жұмыстарды аяқтап, жылудың уақтылы берілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Энергетика министрлігіне ҚТЖ-мен бірлесіп энергия нысандары мен халыққа көмір мен мазут жеткізу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
«Азаматтарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету – Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі. Президенттің тапсырмасы бойынша жөндеу жұмыстарын қаржыландыру ұлғайтылды. Жергілікті әкімдер барлық нысанның, әсіресе әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылымның дайындығын жеке бақылауда ұстауы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.








