Алматы облысы бойынша МКД «Алтынкөл-жол» кеден бекетінде ЕАЭО аумағына тасымалдауға тыйым салынған контрабандалық тауарлар мен дәрі-дәрмектер тәркіленді. Заңсыз тауарлардың жалпы құны 69 миллион теңгеден асқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
2020 жылдың қаңтарында Алматы облысы бойынша МКД «Алтынкөл-жол» кеден бекеті мен ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Ситуациялық орталық басқармасының мамандары Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерімен бірлесе отырып кедендік бақылау жұмыстарын атқару барысында, Қытайдан тасымалданып келе жатқан контрабандалық тауарлардың қомақты топтамасын тапты. Белгілі болғандай, тауарларды Қырғыз Республикасының кәсіпкері алып шыққан.
Кедендік тескеру жүргізу нәтижесінде табылған теміржол контейнеріндегі тауарлардың бүкіл топтамасына ешқандай құжат рәсімделмеген екен. Салмағы 22 174,5 килограмм болатын жалпы қолданысқа арналған бұйымдар ішінен синтетикалық жіптен жасалған балық аулау торлары да табылды. Оның салмағы 6 044 кг-ды құраған. Мұндай тауарды ЕАЭО аумағына алып кіруге тыйым салынғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, жалпы салмағы 398 кг болатын түрлі дәрі-дәрмек те табылған.
Заңсыз тауарлардың кедендік құны 69 459 462,79 теңгені құраған. Кедендік төлемдер мен салықтар төленуі тиіс сома 16 516 970 теңге болған. Қазіргі уақытта аталмыш дерек бойынша қажетті шаралар жүргізілуде. Сол шаралардың нәтижесі бойынша заң бұзған тұлғалар тиісті жауапқа тартылады.