Politics

11 мың шақырым жол және жаңа әуе бағыттары: Қазақстанда туризмді дамыту үшін көлік инфрақұрылымы жаңғыртылуда

Үкімет отырысында туризмді дамыту үшін көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Telegram-каналы

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың мәліметінше, биыл жалпы пайдаланымдағы 11 мың шақырым автожолда жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Рахман қайнары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді және Көлсай туристік аймақтарына апаратын бағыттар да қамтылған. Мысалы, Алматы – Өскемен трассасының толық аяқталуы жол жүру уақытын 4 сағатқа қысқартты.

Сонымен қатар 1 шілдеге дейін Көкшетау, Бурабай, Қонаев, Балқаш және басқа да қалалардағы вокзалдарды жаңғырту жұмыстары аяқталады. Ал 191 жаңа вагон сатып алу және жазғы кезеңде 15 қосымша маршрутты іске қосу есебінен 400 мыңнан астам қосымша жолаушы орны қамтамасыз етіледі.

Авиация саласы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Арқалық қаласының әуежайы қалпына келтірілуде. Биыл Үржар әуежайының терминалын жаңғырту жұмыстары басталды.

«Ішкі әуе рейстері өңірлер арасындағы байланысты нығайту үшін өте маңызды. Жазғы маусымда негізгі туристік аймақтар: Алакөлге, Балқашқа, Түркістанға, Бурабайға және Каспий теңізіне субсидияланатын авиа маршруттар бойынша рейстер орындалуда. Жазғы кезеңде аталған бағыттар бойынша аптасына 45 рейс ұшуда», — деп атап өтті министр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button