Agro

Қазақстан астық экспорт көлемін көбейтуде және терең қайта өңдеу жобаларын дамытуда

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында дәнді дақылдардың экспорттық әлеуеті туралы баяндады, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.

Ол өндірілген астық көлемі ішкі қажеттілікті толығымен жабуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Алынған астық өнімі ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етеді және экспорттық әлеуетті де сақтап қалуға мүмкіндік береді. Өткен маусымда астық экспорты 47%-ға артып, 13,4 млн тоннаға жетті. Бұл өсімге экспорттық субсидиялау бағдарламасы айтарлықтай ықпал етті.

«Экспорт көлемін тұрақты ұстау мақсатында бағдарламаның мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылды. Биыл қазақстандық астық Бельгия, Португалия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Біріккен Араб Әмірліктері және Солтүстік Африка, Алжир, Египет елдеріне жеткізілді. Иран, Әзербайжан, Армения және Грузия бағыттарына экспорт қайта жанданды», — деді Айдарбек Сапаров.

Министр астыққа деген сұраныс артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінгі күннің өзінде жаңа өнімнен шамамен 2,2 млн тонна астық экспортталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға көп.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының астықты терең өңдеу бойынша берген тапсырмасына сәйкес 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар нәтижесінде нарықтан қосымша 2,5 млн тонна астық тартылатын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button