Финляндия Президенті Maqsut Narikbayev University-де дәріс оқыды

Maqsut Narikbayev University-де (MNU) Финляндия Президенті Александр Стубб сөз сөйледі. Ол «Күштер теңгерімінің өзгеруі: сыртқы саясаттағы құндылықтар, мүдделер және билік» тақырыбында дәріс оқыды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі
Александр Стубб Қазақстанға Финляндия Президенті ретінде алғашқы ресми сапары аясында MNU-ға келді. Дәріс барысында ол екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті, құқық үстемдігі принципінің маңыздылығы және орта державалардың рөлі туралы өз ойымен бөлісті. Суоми елінің басшысы сондай-ақ «Сису» фин философиясының ерекшеліктері туралы айтты.
«Мен студенттермен әлемдік тәртіптің өзгеруі туралы өз көзқарасыммен бөлістім, өйткені бұл процесте келесі ұрпақ шешуші рөл атқаратын болады. Біз әрқашан адалдық, егемендік және тәуелсіздік сияқты құндылықтарға сенуіміз керек», – деп атап өтті Александр Стубб.
Финляндия Президентінің дәрісі Қазақстанның халықаралық аренадағы өсіп келе жатқан рөлінің белгісі. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашықтық, сенім және әділ әлемдік тәртіп құндылықтарын ілгерілету жөніндегі бастамалары ықпал етеді. Айта кетейік, Қазақстан Президентінің саясатының арқасында мұндай диалогтар мүмкін болып, республиканың әлем жұртшылығы алдындағы беделі артады. MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев Финляндия Президентіне диалогқа мүмкіндік бергені үшін алғыс айтып, дәріс студенттерді жаңа жетістіктер мен зерттеулерге шабыттандыратынына сенім білдірді.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, университеттің профессор-оқытушылық құрамы, сарапшылар, Финляндия делегациясының өкілдері, қазақстандық және шетелдік журналистер қатысты. Александр Стубб сондай-ақ студенттердің сұрақтарына жауап берді.
«Дәріс қызық болды, өйткені Финляндия Президенті мемлекеттік қызмет, екіжақты қарым-қатынастар және әлемнің қайда бара жатқаны туралы өз ойларымен бөлісті. Маған оның барлық мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану қажеттігі туралы құнды кеңесі ұнады», – деді MNU студенті Әлихан Исекешев.
Айта кетейік, бұған дейін университетте Франция Президенті Эмманюэль Макронның, Германияның Экс-Федералдық канцлері Олаф Шольцтың және Нидерландының Экс-Премьер-министрі, НАТО Бас хатшысы Марк Рюттенің дәрістері өткен болатын.



