Education

Жаңа тәрбие моделі: «Адал азамат» елдегі барлық мектептерде енгізілді

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында, соның ішінде жекеменшік мектептерде де тәрбие жұмысы «Адал азамат» атты біртұтас бағдарлама негізінде жүргізіледі

Бұл – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Бағдарламаның басты мақсаты – адал, еңбекқор, елжанды азаматтар тәрбиелеу. Тәрбие жүйесі жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталады.

«Алғаш рет бұл бағдарлама жекеменшік мектептер үшін де міндетті болмақ. Бұл тәрбие жұмысының ел көлемінде бірізді стандартпен жүргізілуіне және барлық оқушылар үшін тең орта қалыптастыруына мүмкіндік береді. Өңірлерде жекеменшік мектеп мұғалімдеріне арналған оқыту семинарларының сериясы ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда 800-ге жуық жекеменшік мектептен 23 мыңнан астам педагог оқытумен қамтылды», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов ОКҚ-де өткен брифингте.

Бағдарлама аясында білім беру жүйесінде заманауи тәрбие кеңістігін қалыптастыру үшін бірыңғай дизайн-код пен брендбук әзірленді.

Жаңа тұжырымдамаға сай мектептің іші тәрбиелік мәнге ие маңызды құрал ретінде қарастырылып, оқушылардың оң мінез-құлық қалыптастыруына, пайдалы дағдыларды меңгеруіне және құндылықтарға бағдарлануына жағдай жасайды. Дизайнда бағдарламаның алты негізгі құндылығын бейнелейтін көрнекіліктер, үлгілі мінез үлгілері, жас ерекшелігі мен пәндік бағытына сәйкес безендірілген кабинеттер, Қазақстанның табиғи және тарихи ескерткіштерінің суреттері, сондай-ақ отандық және әлемдік ойшылдар мен тұлғалардың портреттері мен нақыл сөздері қамтылған.

Сонымен қатар, тәрбие процесін үйлестіруге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік органдармен, құқық қорғау құрылымдарымен, денсаулық сақтау және ішкі саясат салаларымен бірлесе атқарылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button