Жетісу облысында мемлекеттік жер қорын өз бетінше пайдалануға жол берілмеді

Жетісу облысының Кербұлақ ауданында мемлекеттік меншікке жататын жер учаскесін заңсыз пайдалану фактісі анықталды
Аталған облыстың ҚР АШМ Жер ресурстары аймақтық комитетінің тарапынан жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында жер қойнауын пайдаланушылардың бірі өзіне тиесілі жер учаскенің шегінен тыс аумақта әктас өндіру жұмыстарын жүргізгені белгілі болды. Нақтылап айтқанда, өндіріс жұмыстары тиісті рұқсатсыз мемлекеттік меншікке жататын жерлерде жүргізілген, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Осыған орай, ҚР Жер кодексінің 147-бабына сәйкес тексеріс жүргізіліп, бұзушылық құжат жүзінде расталды.
Тексеру нәтижелері бойынша ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес заңды тұлғаға анықталған бұзушылықты жою жөнінде нұсқама берілді.
Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл толық көлемде мемлекет кірісіне өндірілді.
ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті жер заңнамасын бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.