Social

Қазақстандық спортшылар Ресей және Беларусьтегі халықаралық турнирлерде жоғары нәтижеге қол жеткізді

Қазақстанның «Prestige Horse Club» атты кәсіби ат спорты клубының өкілдері Раиса және Олег Соколенко Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасында өткен халықаралық жарыстарда еліміздің намысын абыроймен қорғап, жоғары жетістіктерге қол жеткізді.

2025 жылғы 2–6 шілде аралығында Минск қаласында өткен Достастық кубогы аясында Раиса Соколенко Қазақстан–Өзбекстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, 145 см биіктіктегі командалық маршрутта 1-орынға ие болды. Спортшы «Уран» атты атымен екі кезеңді де айып ұпайынсыз еңсеріп, шеберлік пен сенімділіктің үлгісін көрсетті.

Одан кейінгі маңызды дода — 2025 жылғы 17–27 шілде аралығында Мәскеу облысында өткен Еуразиялық ойындар болды. Тоғыз мемлекеттен келген мықты спортшылар арасындағы 25 жасқа дейінгі жас санатында Раиса Соколенко жеке есеп бойынша чемпион атанып, өз дайындығының жоғары деңгейі мен тұрақты нәтижелілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сонымен қатар, жазғы маусым барысында Олег Соколенко тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп, өз шеберлігін айқын танытты:

130 см биіктіктегі маршрутта — 1-орын (CluGold атты атымен);
125 см маршрутта — 3-орын (Selly Blue);
135 см маршрутта — 5-орын (Selly Blue);
Maxima Park кезеңінде 120, 125 және 135 см биіктіктегі бірнеше маршрутта жеңіске жетті (CluGold, Cinderella және Selly Blue атты аттармен)

Аталған нәтижелер «Prestige Horse Club» клубында жүргізілетін кәсіби және жүйелі дайындық жұмыстарының жемісі болып табылады. Клубтың спортшылары Қазақстанның атын халықаралық деңгейде танытып, еліміздің беделін арттыруға сүбелі үлес қосып келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button