Social

Шығыс Қазақстан облысының қоймаларында су көлемі қауіпсіз деңгейде

Шығыс Қазақстан облысының қоймаларында су көлемі қауіпсіз деңгейде, тасқын суды қабылдау үшін жеткілікті бос орын бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жергілікті «Қазсушар» филиалы директорының орынбасары Дәулет Жанысов айтып берді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Су тасқынына дайындық аясында Ертіс бассейндік инспекциясы, ТЖД және жергілікті жұмылдыру дайындығы басқармасымен бірлесіп су шаруашылығы нысандарын тексерді. Бүгінгі таңда филиал көтергіш механизмдерді тексеру және майлау жұмыстарын жүргізді, магистральдық каналдардың бас құрылыстары жабылып, өзен арналарын реттеу іс-шаралары аяқталды, су тораптарының бас құрылыстары ағаштардан, лай мен қоқыстардан тазартылды.

Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 26 шақырым болатын 9 магистральдық канал тазартылды, жалпы ұзындығы 386,9 шақырым болатын 3 су торабы мен 31 магистральдық каналды реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

«Барлық нысандарда инертті материалдар қоры бар, арнайы техника дайындалды. Су тасқыны жағдайы тұрақты. Қоймалардағы су деңгейі қалыпты, бос орын бар. Филиалдың су қоймаларында және орталық аппаратында жедел ден қою үшін тәулік бойы кезекшілік және мониторинг ұйымдастырылды. Су жинау және жіберу туралы барлық ақпарат барлық мүдделі органдарға беріліп отыр»,- деді Шығыс Қазақстан облысының «Қазсушар» филиалы директорының орынбасары Дәулет Жанысов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button