Business

Қазақстандағы іскерлік белсенділік қатарынан 8 ай бойы оң аймақта қалып отыр

ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2024 жылдың 9 айындағы республикалық бюджеттің атқарылуы мен әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтып берді, деп хабарлайды РrimeМinister.kz сайты

Ол Ұлттық банктің сауалнамалары негізінде жасалған іскерлік белсенділік индексі биылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша 51,2 тармақты құрағанын хабарлады. Көрсеткіш сегізінші ай қатарынан оң аймақта қалуда. Қызметтер бойынша индекс 51,6, өндіріс бойынша – 52,4 тармақты құрады.

«Қыркүйекте бизнес-климат индексі оң көрсеткіште қалыптасты. Бизнес жүргізудің қазіргі және болашақ шарттары оң бағаланып отыр. Жылдық инфляцияның төмендеу үрдісі жалғасып, қыркүйекте 8,3%-ды құрады», — деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Баға өсімінің баяулауына азық-түлік тауарларының дезинфляциясы көптеп үлес қосып, 5,1%-ды құрады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі 7,6% болды. Ал, ақылы қызметтер инфляциясы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жүргізілуіне және бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауына байланысты айтарлықтай өсім көрсетті – 13,6%.

«Айлық инфляцияға келетін болсақ, ол қыркүйек айында баяулап, 0,4%-ды құрағанымен, орташа тарихи мәндерден жоғары қалыптасты. Жалпы, баға динамикасы ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары аясында біздің болжамымызға сәйкес қалыптасып келеді. Инфляцияның төмендеуіне қарамастан, біз сыртқы секторда да, ішкі экономикада да тәуекел факторларының бағаларға ықпал еткенін байқап отырмыз», — деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, ішкі экономикада тұрақты ішкі сұраныс, жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру, инфляциялық күтулердің артуы және реттелетін бағалардың өсуі аясында проинфляциялық қысым сақталып отыр. Сыртқы ортадағы тәуекелдер ірі сауда-серіктесіміз саналатын Ресейдегі инфляцияның жеделдеуіне және әлемдік азық-түлік нарықтарындағы бағаның өсуіне байланысты қалыптасуда.

«Сол себепті Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтап қалды», — деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ Үкімет отырысы барысында Ұлттық банк төрағасы фискалдық саясатты жетілдірудің маңызын және Ұлттық қордан трансферт көлемін азайтуды атап өтті.

Тимур Сүлейменов Үкімет басшылығына еліміздің валюта нарығындағы ахуал туралы арнайы мәлімет берді. Қыркүйек айында теңгенің айырбас бағамы 0,1%-ға, бір доллар үшін 481,11 теңгеге дейін аздап нығайды. Алайда, жыл басынан бері ол 5,8%-ға әлсіреді.

«Қыркүйек айында трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан республикалық бюджетке $945 млн валюта сату теңгеге қолдау көрсетті. Сондай-ақ Ұлттық банктің «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алуының валюта нарығына ықтимал теріс әсерін теңестіру аясында біз $241,5 млн саттық», — деді спикер.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялау үшін шетел валютасын сатып алу көлемі $500 млн болған. Зейнетақы активтерінің валюталық үлесі мақсатты 40% деңгейіне жетуіне байланысты шетел валютасын сатып алуды тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.

Теңгенің бұдан кейінгі динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы жағдайға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.

Ұлттық Банк теңгерімсіздікті болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстанатын болады.

Төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығы бірінші жарты жылдықта сауда балансының жақсаруына байланысты өткен жылғы бірінші жарты жылдықтағы (-)$5 млрд-тан (-)$0,3 млрд-қа дейін қысқарды.

«Қыркүйек айының қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері рекордтық $107,2 млрд-ты құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан рекордтық мән – $44,5 млрд-қа немесе 23,6%-ға ұлғайды. Ұлттық қордың активтері жыл басынан 4,5%-ға артып, $62,7 млрд-ты құрады», — деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, Ұлттық қордың түсімдері мен алымдарының балансы теріс қалыптасып келеді. Яғни, алымдар түсімдерден асып жатыр. Бұл жағдайда қор қаражатының өсімін қолдап тұрған жалғыз фактор – инвестициялық табыс. Ол 9 айда 10,27%, яғни $6,16 млрд-ты құрады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері оң динамиканы көрсетуде. Жыл басынан зейнетақы активтері 20,95 трлн теңгеге немесе 17,66%-ға өсті. Ал, инвестициялық табыс көлемі 2,12 трлн теңгені құрады. Зейнетақы жарналары 1,85 трлн теңге, ал қаражатты мерзімінен бұрын алу сомасы 375,5 млрд теңге болды.

«Ұлттық банк сыртқы және ішкі нарықтардағы жағдайдың өзгеруін бақылап, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді және инфляцияны одан әрі төмендету саясатын жалғастырады», — деп түйіндеді баяндамасын Тимур Сүлейменов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button