Social

Елордада «Абай сыры» интеллектуалды сайысы өтті

Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының  ұйымдастыруымен елордада «Абай сыры» атты интеллектуалды сайыс өтті.

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туған күніне орайластырылған зияткерлік іс-шара Астана қаласының мемлекеттік мекемелері арасында өтті. Сайысқа Астана қаласы «Алматы» ауданы әкімінің аппараты, Астана қаласы әкімдігінің «Көпсалалы медицина орталығы» МКК, «Астана-Теплотранзит» АҚ, «Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы» ММ, Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» – «iKOMEK109», Астана қаласының мемлекеттік архиві, «Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ, Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ, «Астана қалалық жарық» ЖШС, «Астана-АЭК» АҚ және Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінен құралған 11 команда қатысты.

Интеллектуалды сайыстың мақсаты – хакім Абай тағылымын ойын арқылы көпшілікке насихаттау және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосу.

Сайыс шарты бойынша қатысушылар топ болып бірігіп, сұрақтарға тапқырлықпен тез әрі шапшаң жауап беруі керек болды. Қатысушылардың жас ерекшелігі мен лауазымына шектеу қойылған жоқ.

Интеллектуалды сайыс 5 кезеңнен тұрды:

І. «АНАДАН ТӨРТЕУ» кіріспе туры

ІІ. «ҚИЫННАН ҚИЫСТЫРАР ЕР ДАНАСЫ» тақырыптық туры

ІІІ. «ӘНДІ СҮЙСЕҢ МЕНШЕ СҮЙ» медиа туры

ІV. «ЖАЛҒЫЗДЫҚ КӨРЕР ЖЕРІМ ЖОҚ» тақырыптық туры

  1. «АЙТТЫМ СӘЛЕМ» соңғы туры

Әр кезеңде қатысушы командалар ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасына қатысты логикаға, медиа форматтағы: аудио, видео материалдарға негізделген сұрақтарға жауап берді. Команда нәтижелері автоматты түрде есептеліп, қорытындысы шығарылды.

Жүзге жуық қызметкер бақ сынасқан тартысты дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижесінде «Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы» ММ-нің мамандарынан құралған «Белсенді жастар» – І орынды, «Астана-АЭК» АҚ-ның «Шамшырақ» командасы – ІІ орынды, ал «Астана қалалық жарық» ЖШС-ның «Елім-ай» құрама командасы – ІІІ орынды иеленді.

Интеллектуалды сайыс жеңімпаздары Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының атынан бағалы сыйлықтармен, диплом және алғыс хаттармен марапатталды.

Еске салсақ, 2020 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен «Абай күні – 10 тамыз» болып ресми бекітілген болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button