Су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Шомылу маусымы кезінде алдын алу шаралары туралы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов есеп берді, сондай-ақ ішкі істер, оқу-ағарту және көлік министрлері баяндама жасады, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министірінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда жазғы кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін еліміз бойынша су айдындарында 42 құтқару бекеті жұмыс істейді. Келесі жылы Шалқар, Имантау көлдерінде, сондай-ақ Қосшы қаласында 3 модульдік стансаның құрылысы аяқталады. Сонымен қатар қайықтар мен құтқару құралдарымен жабдықталған мобильді посттар құрылды. Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп шомылуға және демалуға рұқсат етілген орындарды көбейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінде еліміз бойынша осындай 708 орын жабдықталған, жағажайлардың орналасқан жері туралы деректер 2GIS платформасында орналастырылған. Судағы қауіпсіздікті бақылау, оның ішінде су айдындарының жағалауларында спирттік ішімдіктерді тұтыну фактілерінің жолын кесу жөніндегі профилактикалық іс-шаралар шеңберінде акваторияларға патруль жүргізіледі. Жыл басынан бері 26 мыңнан астам рейд ұйымдастырылып, 3 мыңға жуық құқық бұзушы жауапқа тартылды.
Үкімет отырысы барысында су айдындарына жақын жерде ұйымдастырылған балалар демалысы мәселесіне ерекше назар аударылды. Мониторингтік топтар суға шығатын 31 қала сыртындағы лагерді және өз бассейндерімен жабдықталған 127 демалыс базасын тексерді. Статистикаға сәйкес, жыл сайын республиканың су айдындарында 200-300-ге жуық суға кететіндердің 100-ге жуығы — балалар. Премьер-Министр өңірлердің әкімдіктеріне судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі алдын алу шараларын күшейтуді, оның ішінде жүргізіліп жатқан патрульдеу шарансын арттыруды тапсырды. Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін жағдайды нақты уақыт режимінде қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды қабылдау да маңызды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың арқасында құрбан болғандар саны 6%-ға қысқарды.
«Алматы және Павлодар қалаларында жүзіп бару шекарасын байқауға және суға батып бара жатқандарды ерте анықтауға мүмкіндік беретін қашықтан мониторинг жасау жүйесі пилоттық режимде сынақтан өтті. Ақтөбе облысында суға батып бара жатқан адамға батырма арқылы көмек шақыру сигналын жіберуге мүмкіндік беретін интерактивті қалқыма жобасы әзірленді. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктері осы тәжірибені зерделеп, пайдалануы тиіс. Жағажайларда бақылау камераларын орнату және тиісті бағдарламалық қамтамасыз ету мәселесін пысықтау қажет», — деп атап өткен Олжас Бектенов қоғамдық құтқарушыларды тарту бойынша жұмысты одан әрі жандандыру қажеттігін айтты.
Ірі су айдындарынан басқа арықтар мен суару каналдары да қауіп төндіретініне айрықша назар аударды Үкімет басшысы Олжас Бектенов. Балалардың қайтыс болу жағдайлары негізінен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде – Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркеледі. Премьер-Министр әкімдіктерге қоршаулар орнату арқылы инженерлік құрылыстарды абаттандыру мәселесін шешуді тапсырды. Сонымен қатар қалалық субұрқақтардың қауіпсіздігін тексеру маңызды.
Шағын көлемді кемелерді пайдалануды бақылау бойынша қатаң шаралар қабылдануы тиіс. Ақауы бар су көлігін пайдалану көбінесе қайғылы жағдайға әкеледі. Бүгінгі таңда Қазақстанда 19 мыңнан астам кеме тіркелген, оның 90%-дан астамы өздігінен жүретін кемелер.