«СҰЛУ СӨЗДIҢ СҮЛЕЙI»: Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығы елордада атап өтілді
Қазақстаннның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Сәкен сері» атанған жазушы Сәкен Жүнісовтің туғанына биыл 90 жыл. Қазақ әдебиетінің проза жанрында ауыз толтырып айтарлықтай қалтқысыз қызмет еткен қаламгердің мерейтойын атап өту үшін қоғам қайраткерлері мен нағыз әдебиет жанашырлары елорда төрінде бас қосты.
27 ақпан күні «Жастар» театрында өткен «СҰЛУ СӨЗДIҢ СҮЛЕЙI» атты әдеби-сазды кештің ұйымдастырушылары – Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы. Көзделген мақсат – драматург, публицист, қоғам қайраткері Сәкен Нұрмақұлы Жүнісовтің шығармашылығын кеңінен насихаттау арқылы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту.
Іс-шара барысында қаламгердің бұрын-соңды жарияланбаған портреттік суреттері мен асыл мұрасы – кітаптары мен басылымдары ел назарына ұсынылды. Ерекше көрме мен ұлттық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен шымылдығы ашылған әдеби-сазды кешке 250-ге жуық адам жиналды.
Кештің салтанатты бөлімінде дәстүрлi ән өнерінің дауылпаздары Сәулежан Тағзия мен Перизат Тұрар, сондай-ақ «Аламан» тобы сахнада өнер көрсетті. Ал «Жастар театрының» ұжымы Сәкен Жүнісовтың «Тырау-Тырау, Тырналар…» пьесасынан үзінді ұсынып, халықтың ерекше ілтипатына бөленді.
Сонымен қатар, публицистің алтын қорда сақталған сұхбаттары мен жақын жандарының естеліктерін қамтыған бейнесюжеттер, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанханның Сәкен сері Жүнісов жайлы ой толғау-арнауы қаламгерді жаңа қырынан танып-білуге мүмкіндік берді.
Аталмыш кеште зиялы қауым өкілдері, көрнекті ғалымдар, Сәкен Жүнісовтің ізбасарлары сөз сөйлеп, іс-шараның мақсаты мен рухани маңыздылығын атап өтті. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылары одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, ақын Қуаныш Оспан, Сәкен Жүнісовтің жерлес әрі рухтас інісі, ақын, манасшы Баянғали Әлімжанов, Қазақстан Жазушылары одағының хатшысы, Астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы және Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп болды.
Әдеби-сазды шара соңында Сәкен Жүнісовтің жақындарына Астана қаласы әкімінің ықылас гүлі мен шағын сыйлығы табыс етілді.