Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті ақылы автомобиль жолымен (учаскесімен) жол жүру ақысын күнтізбелік 7 күннің ішінде төлеу қажет екенін еске салады.
Осы ретте төлем жасаудың 20-дан астам әдісі қарастырылған. Атап айтқанда, QAJ mobile мобильді қосымшасы, Kaspi.kz, Kiwi-әмиян, Forte Bank арқылы және т.б.
«8-ші күні «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 628-бабына сәйкес жол ақысын төлемеген жағдайда әкімшілік айыппұл есептеледі. Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері – 5 АЕК, заңды тұлғалар үшін – 10 АЕК құрайды (2023 жылы 1 АЕК көлемі 3 450 теңгеге тең).
Әкімшілік жауапкершіліктің алдын алу үшін автокөлік иелері мен жүргізушілер ақылы автомобиль жолымен (учаскесімен) жол жүру ақысын уақтылы төлеуі қажет» – деп хабарлайды министрлікте.
Сонымен бірге берешектері бар автокөлік иелерін тарифке сәйкес қарыздарын өтеуге шақырамыз.